Халықаралық конференцияға қатысушылар Астананың әлемдегі рөлі туралы үндеу қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 20 жыл ішінде Астана тәуелсіз Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы болып қана қоймай, дипломатияның, бітімгершілік пен халықаралық дамудың ірі орталығына айналды. Бұл туралы Қазақстан елордасының 20 жылдығына арналған халықаралық конференция қатысушыларының бірлескен үндеуінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР СІМ-нен мәлім еткендей, конференцияны Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев ашты. Іс-шараға әртүрлі уақытта Астанада өткен халықаралық келіссөздер мен бітімгершілік процестерге қатысқан шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар қатысты. Олардың арасында Италияның бұрынғы сыртқы істер министрі Франко Фраттини, ИЫҰ-ның 9-шы Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноглу, ШЫҰ бұрынғы Бас хатшысы Мұратбек Иманалиев, БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы өкілінің орынбасары Рамзи Эззельдин Рамзи, Франция, Жапония, Италия парламентшілері, сарапшылар мен дипломаттар бар.

«Астана заманауи, гүлденген Қазақстанның символына айналды және бүкіл елдің дамуы үшін басты флагман ретінде әрекет етуде. Бұл, ең алдымен,  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.

Астананың халықаралық рөлі туралы айта отырып, Сыртқы істер министрі: «Қазақстан Президенті барлық күш-жігерін жұмсап, өңірлік және жаһандық ынтымақтастықты орнату, келіспеушіліктер туындаған тараптарды татуластыру, көшбасшылар арасын жақындастыру, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту үшін кез келген мүмкіндікті жібермейді», - деп атап өтті.

Қатысушылар 2010 жылғы ЕҚЫҰ Саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Сирия жөніндегі Астана процесі, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ТМЫК (Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі), «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі сияқты маңызды оқиғалардың мұрасын талқылады.

Қатысушылар шара соңында қорытынды құжат қабылдады.

«Осы оқиғалардың барлығында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірлік және ғаламдық деңгейде сенімділікті, қауіпсіздікті және өзара әрекеттестікті нығайтуға бағытталған дәйекті саясаты жатыр. Бұл саясат «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» деп аталатын манифестінде тұжырымдамалық дамуын алды. Онда адамзаттың «соғыс вирусынан» мәңгілікке құтылу қажеттігі көрсетіледі. Мемлекеттер арасындағы барлық дауларды реттеудің негізі бейбіт диалог пен бейбітшілік пен қауіпсіздікке, өзара сыйластық пен ішкі істерге араласпауға тең жауапкершіліктің қағидаттарына негізделген сындарлы келіссөздер болуға тиіс. Біз Еуразияның жүрегінде орналасқан заманауи, көрікті әрі серпінді қала - Астана халықаралық бейбітшілікті, қауіпсіздікті және өркендеуді қалыптастыруда маңызды рөл атқаруды жалғастыратынына сенім білдіреміз», - делінген онда.

Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Петер Буриан конференция қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде Елбасы бастамашылық еткен Астананы қазақ дәстүрлері мен заманауилықты үйлестіретін Қазақстанның заманауи елордасы ретінде құру көрінісі қысқа уақытта әрі сапалы түрде іске асырылғандығын мәлімдеді. «Қысқа мерзім аралығында Астана өзін өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар бастамалар мен жаһандық маңызы бар іс-шараларды өткізу орны ретінде танытты», - деді П.Буриан.

«Ислам ынтымақтастық ұйымының даму жолындағы белгілі жетістіктері тікелей Астанамен байланысты, сондай-ақ бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке ықылас танытуы нәтижесінде жүзеге асырылды. Президент ИЫҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кездесуінде жаңғырту мен реформаны ХХІ ғасырдағы ислам әлемінің негізгі қағидалары ретінде айқындайтын ұйымның прогрессивті құжаттарының бірі болып табылатын ИЫҰ Астана декларациясының негізін қалады», - деп мәлімдеді ИЫҰ 9-хатшысы Экмелледин Ихсаноглу.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектурова, Варшаваның вице-мэрі Витольд Паль, Виннипег Университетінің профессоры Франк Альбо, бизнесмендер мен ғалымдар «Ақылды қалалардың» дамуына арналған сессия барысында хаб-қалалардың озық тәжірибелерін қарастырды және интеллектуалды қалалық технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.  

Соңғы жаңалықтар