Халықаралық қайырымдылық ұйымы Непалда зардап шеккендерге көмектескен 4 қазақстандыққа алғыс хат жіберді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Disaster Emergency Committee» халықаралық қайырымдылық ұйымы бір топ қазақстандық жастарға алғысын білдіріп хат жіберді.

Алғыс хатта шетелдік ұйым өкілдері қазақстандық Асия мен Ерік Қарабаевтар, Андрей Ким мен Салтанат Жанұзақованың Непалда болған алапат зілзалада ең көп көмек көрсеткен донорлардың қатарына енгенін хабарлады. Айта кету керек, 4 қазақстандық азамат Непалда бірнеше күн бойы зардап шеккен адамдарға көмек көрсетіп келген. Елге оралған соң жастар фотокөрме өткізіп, жапа шеккендерге садақа беруді ұйымдастырды. Жиналған қаржының барлығы Непалға жіберілді. Ұйымдастырушылар Астанадағы «Мега» және Алматыдағы «Достық плаза» сауда үйінің басшыларына акция өткізуге көмектескені үшін алғысын білдіреді. Еске сала кетейік, алғашқы 7,9 балдық жер сілкінісі Непалда 25 сәуір күні болған. Одан бері 3,2 пен 6,9 балл аралығындағы қосымша 90 шақты дүмпу болып өткен. Бәрінен көп зақымдалған Непалдың астанасы Катманду. Онда 1210 адам қаза болып, 4634 адам түрлі дәрежеде зақым алған. Елдің орталығында орналасқан Синдхупалчок ауданында 2991 адам зілзаланың құрбаны болып, 852 адам зардап шеккен. Жер сілкінісі салдарынан 288 мың тұрғын үй құлап, 254 мың ғимарат қирады.

Соңғы жаңалықтар