Халықаралық қауымдастық қазақстандық прокурорлардың тәжірибесіне қызығушылық білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында Халықаралық прокурорлар қауымдастығының Президенті Герхард Ярошпен кездесу өтті. Кездесудің басты мақсаты - еліміздегі қылмыстық сот төрелігі саласындағы реформалармен таныстыру, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, түрмелердің халықаралық рейтингісінде Қазақстанның 3-тен 82-деңгейге көтерілуіне сеп болған - еліміздің қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселелері шетелдік әріптестердің қызығушылығын тудырды.

Нәтижесінде соңғы 27 жылда елімізде түрмеде отырғандардың саны 66 мыңға азайды (100 мыңнан 34 мыңға). Сегіз колония жабылды. Жыл сайынғы бюджет қаражатының үнемділігі 12 млрд теңгені құрады.

Бұл ретте, түрмедегілер санының азаюы криминогенді жағдайды нашарлатқан жоқ, керісінше жыл сайын қылмыстардың қайталануы 7-10% төмендеу үстінде.

Кездесу барысында қылмыстық процесті цифрландыру жобасын іске асыру мәселесі талқыланып, жыл басынан бері 4 мыңнан астам қылмыстық іс электорондық форматта тергеліп жатқандығы айтылды.

Бүгінгі күнге дейін 1,8 мың іс сотқа электронды түрде жолданды. Оның ішінде 1,3 мыңы қарастырылып, тиісті шешімдер шығарылды.

Шетелдік қонақтар қазақстандық әріптестерінің пікірлерімен келісті, яғни істерді жаңа форматта тергеу қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын сақтау кепілдігін береді, дәлелдерді бұрмалау мен сан түрлі заңнаманы бұзу фактілерін азайтады.

Кездесу соңында Герхард Ярош қазақстандық тарапты жылы қабылдау және конструктивті тәжірибе алмасу үшін алғысын жеткізді, сондай-ақ ынтымақтастықтың одан әрі жалғасатынына сенім білдірді.

 

Соңғы жаңалықтар