Халықаралық қаржы корпорациясы қазақстандық кеңсесінің орнықты жұмысына арналған құжат мақұлданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісім 2020 жылы 28 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында жасалды.

«Келісім Халықаралық қаржы корпорациясының офисі қызметінің негізгі ережелерін, сондай-ақ, қызметкерлер үшін артықшылықтар мен иммунитеттерді белгілейді. Халықаралық қаржы корпорациясы 1956 жылы құрылып, халықаралық даму институты болып табылады. Оның негізгі қызметі жеке сектордың дамуына жәрдемдесуге бағытталған.

Халықаралық Қаржы Корпорациясы Дүниежүзілік банк тобының құрамына кіреді», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Дүниежүзілік банк тобы мынадай бес ұйымнан тұрады:

Халықаралық қайта құру және даму банкі;

Халықаралық қаржы корпорациясы;

Халықаралық даму қауымдастығы;

Инвестициялар кепілдіктері жөніндегі көпжақты агенттік;

Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталық.

Сонымен бірге, корпорация өңірлік офистері әлемнің тек 13 қаласында, оның ішінде Алматыда орналасқан.

«Халықаралық қаржы корпорациясы офистері орналасқан барлық мемлекеттермен офистердің қызметі туралы ұқсас келісімдер жасады.

Халықаралық қаржы корпорациясы Қазақстанда өз қызметін 1994 жылдан бастап жүзеге асырады. Осы кезеңнен бастап 1,6 миллиард доллар көлемінде жобалар қаржыландырылды. Бұл Орталық Азия елдеріне салынған инвестициялардың жалпы көлемінің 70 процентін құрайды. Аталған келісім Халықаралық қаржы корпорациясының қазақстандық офисінің орнықты жұмыс істеуіне және жаңа инвестициялар тартуға ықпал етеді. Келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайды», - деп түсіндірді министр.


Соңғы жаңалықтар