Халықаралық деңгейде мойындалған ұлттық шекаралар қайта дауланбайды – Осмонакун Ибраимов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда Халықаралық Түркі академиясы «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференция өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алқалы жиынға Түркі кеңесінің алғашқы Бас хатшысы Халил Акынжы, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев, Франкфурт университетінің профессоры, Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің филология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Невская және өзге де түркітанушы ғалымдар мен сарапшылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.

Жиында онлайн баяндама жасаған Қырғыз Республикасының бұрынғы мемлекеттік хатшысы Осмонакун Ибраимов мемлекеттер шекарасына қатысты мәлімдемелерге пікір білдірді.

«Қазіргі Еуразия кеңістігінің ғасырлар бойғы тарихын және бүгінгі келбетін түркітілдес мемлекеттерсіз елестету мүмкін емес. Әлемнің саяси картасында біздің тәуелсіз мемлекеттер пайда болғаннан бергі отыз жылда, біз олардың заңды халықаралық құқық субъектілері әрі әлемдік контексте тәуелсіз мәдени-экономикалық құрылым ретінде толық қалыптасқандығын батыл түрде айта аламыз. Қазіргі заманда халықаралық деңгейде мойындалған ұлттық шекараларды өткен тарихтың даулы мәліметтеріне, аңыздар мен мифтерге сүйеніп қайта даулауға ешкімнің қақысы жоқ» деп атап өтті О. Ибраимов.

Түркі дүниесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов бүгінгі конференцияны көршілес елдердің кейбір депуттарының сөзіне орынды жауап болды деп санайды.

«Бұл конференция және оның терең ғылыми мазмұны халықтар арасына іріткі салып, Қазақстан мен Ресей халықтарының достығына сына қаққысы келетін түрлі санаттағы саяси сайқымазақтардың жалған әрі негізсіз әрекеттеріне лайықты жауап болды»,- деп атап өтті Ә. Ахметов.

Сондай-ақ, Түркі Кеңесінің алғашқы бас хатшысы Халил Ақынжы «Өткеннің еншісіндегі даудың бәрі тарихи санамыздың терең түкпірінде қалуы керек» деп санайды.

«Әлем тарихын түркі халықтарынсыз елестету мүмкін емес. Жаһандық деңгейдегі ғылыми жетістіктер мен мәдени құндылықтардың көпшілігі Қытайдан Жерорта теңізіне дейінгі кеңістікті алып жатқан біздің алып құрлығымызға тиесілі. Сонымен қатар, бұл аймақтың ең ірі қақтығыстар алаңына айналған да кездері болды... Өткеннің еншісіндегі даудың бәрі біздің тарихи санамыздың терең түкпірінде қалуы керек және келешегіміздің кемелдігі үшін одан сабақ ала білуге тиіспіз.

Ал бүгін таныстырылған Түркі академиясы әзірлеп шыққан Түркі әлемінің Атласы бұл бағыттағы алғашқы бірегей басылым болып саналады. Ендігі жерде бұл атлас біздің бірінші болып жүгінетін сенімді тарихи дереккөзге айналады деп сенемін. Түркі академиясын осы жетістігімен шын жүректен құттықтаймын»,- деді Х. Акынжы өз баяндамасында.

Еске сала кетсек, конференцияда Халықаралық Түркі академиясы «Түркі әлемі: тарихи-мәдени Атлас» жинағын таныстырды. Атлас ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысөзімен шыққан және әйгілі саяхатшылар мен жиһанкездер жасаған көне карталар мен байырғы бабаларымыздың мол мұрасын көрсететін маңызды мәліметтерді қамтиды.


Соңғы жаңалықтар