Халықаралық банк Қазақстандағы орта білімді дамытуға қарыз бөледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Орта білім беруді жаңғырту жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов заң жобасы Елбасының «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» бағдарламасының 76-шы қадамы аясында орта білімді дамытуға негізделгенін айта келе: «Жоба бойынша жалпы шығын 75 млн АҚШ долларын құрайды. Таза қарыз сомасы - 67 млн доллар және де республикалық бюджеттен 8 млн доллар қоса қаржыландыру қарастырылған. Қарызды өтеу мерзімі - 17 жыл, оның ішінде 5,5 жыл жеңілдік мерзімі», - деді.

Осы орайда жобаны жүзеге асыру барысында алғашқы бес жарым жылға төлем жасаудан босату қарастырылған. Жалпы ұсынылған жобаның мақсаты - орта білім жүйесінің сапасын көтеру,  білім берудегі қолжетімдік пен теңдікті арттыру.

Жалпы атқарылатын жұмыстар аясында оқушыларды бағалау жүйесін білім берудің жаңартылған мазмұнына сәйкес келтіру қамтылған. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу шеңберінде Оқу жетістіктеріне сырттай бағалау жүргізу, ҰБТ тапсырмаларын да өзгерту керек. Тапсырмаларды ақпаратты есте сақтау қабілетін бағалауға емес,  баланың функционалдық сауаттылығын анықтауға, алған білімін қолдана білуін тексеруге бағыттап құру кажет болып тұр. Сондықтан мультимедиа элементтері бар 230 мыңнан астам  жаңа тест тапсырмалары жасалатын болады.

Сонымен қатар, Жолдауда көрсетілген Педагогикалық білім беруді дамыту бойынша тапсырманы орындау мақсатында педагогикалық кадрларды дайындайтын университеттер үшін 47 білім беру бағдарламасы енгізілетін болады.

«Тағы бір маңызды компонент - ол білім беру жүйесіндегі теңсіздікті төмендетуге арналған. Осы орайда ауыл мектептерін мультимедиялық жабдықтау, атап айтқанда компьютер, проектор және экраннан жиналған комплекттер ескерілген. 5 400 мектеп осы жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Білім беруді цифрландыру кезінде бұл өте маңызды. Бүгінгі күні мектептердің 29 пайызы интерактивті жабдықтармен қамтылған», - деді Аймағамбетов.

Белгілі болғандай, келісімнің тағы бір маңызды бағыттарының бірі  - Инклюзивті білім беруді қолдау.  Жобада ерекше білім қажеттіліктері бар балаларды кәсіби-мамандыққа даярлау бойынша арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеу қарастырылған. Одан басқа мектептер жанынан 9 инклюзивті ресурстық орталық ашу, көзі нашар көретін және дамуы кем балаларға арналған жеті жарым мың Брайль оқулығын сатып алу, инклюзивтік білім берудегі 1000 дефектолог маманды арнайы курстарда оқыту қарастырылған.

«Жалпы, бұл жоба кем дегенде 3 млн оқушыларға өзінің септігін тигізеді деп ойлаймыз», - деп түйді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар