Халықаралық автошеруге қатысушылар Көкшетауда болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тәжік-ауған шекарасындағы ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту мақсатында жеке құрамдағы атқыштар батальонының құрылғанына 26 жыл толуына ұйымдастырылған халықаралық автошеруге қатысушылар Көкшетауда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздік алаңында өткен салтанатты шара Ақмола облыстық полиция департаменті бөлімшесінің, Көкшетау техникалық институты және №5510 әскер бөлімнің сарбаздары мен курсанттарының сап түзеуімен басталды.

Шарада Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, «Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушылардың» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Мұхамеджанов, «Санги-Кабуд»​ тәжік​ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы​ Умар Шоназаров, ​ «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қауымдастығы» қоғамдық ұйымының​ төрағасы Дуанбай Ыбырай және Тәжікстан аумағында көз жұмған қазақстандық жауынгердің анасы Жанат Бекебаева сөз алып, тарихи дата туралы айтып берді.

«Тәжік-ауған шекарасында жанқиярлықпен ерлік көрсеткен батырлардың құрметіне тұңғыш рет халықаралық автошеру ұйымдастырып отырмыз. Шараның мақсаты – өскелең өрендерге батырлардың ерлігін насихаттау. Біздің жауынгерлер ерлікпен шайқасты. Автошеруіміз Көкшетау қаласынан бастау алды. Алда Нұр-Сұлтанға және одан әрі аттанамыз», - дейді Мұрат Мұхамеджанов.

Ал, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қауымдастығы» қоғамдық ұйымының​ төрағасы Дуанбай Ыбырай тәжік-ауған шекарасында әскери​ борышын өтеген жауынгерлердің әрбір ізгі істері ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Олардан өнеге алып, болашақта елін, жерін, Отанын қорғайтын жастарды тәрбиелеу​ мәселесіне назар аударды.

Бұдан әрі Көкшетауға аялдаған халықаралық автошеруге қатысушылар Нұр-Сұлтан қаласына аттанды.

Айта кету керек, халықаралық келісімдерге сәйкес, осыдан тура 26 жыл бұрын қазақстандық жауынгерлер тәжік-ауған шекарасына әскери міндетін өтеуге барды. Тәжік-ауған шекарасындағы Пшихавр шатқалында болған ұрыс әлі ұмытыла қойған жоқ. Сол 1995 жылы болған қанды оқиғада 17 қазақстандық жауынгер шейіт болып, 30-дан астамы ауыр жараланған еді.


Соңғы жаңалықтар