Халықаралық армия ойындары: Қазақстан жалпыкомандалық 3-орын алды

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Қазақстан құрамасы Халықаралық армия ойындарында төрт алтын, бір күміс медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Мәскеу маңындағы «Алабино» полигонында Халықаралық армия ойындарының салтанатты жабылуы өтті.

Шараға Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың басшылығымен қазақстандық делегация қатысты.

Ойындардың бейресми командалық есебінде Қазақстан құрамасы Ресей мен Өзбекстан елдерінен кейінгі үшінші орынды иеленді.

Атап айтсақ, Қазақстан командасы Жамбыл облысында өткен «Артиллериядан оқ ату шеберлері» байқауында алтын медаль алды. Әскери қызметшілеріміз Қарағанды облысында «Тактикалық мерген» байқауында да бірінші орын алды. Сондай-ақ үздік нәтиже Ақмола облысының «Меридиан» сайысында, Арменияда өткен «Бейбітшілік жауынгері» сайысында тіркелді.

Бұдан бөлек, Қазақстанның әскери теңізшілері Әзербайжандағы «Теңіз кубогының» күміс жүлдесін жеңіп алды.

Кабардино-Балкариядағы «Эльбрус шеңбері» байқауында әскери альпинистеріміз бірқатар күрделі тапсырманы орындап, төртінші орынға ие болды. Тартысты жарыста Ресей, Өзбекстан және Қытай қарсыластары үздік шықты.

«Танк биатлонының» ақтық сынына бір қадам қалғанда қазақстандық танкистер жартылай финал эстафетасында қытайлық әскери қызметшілерге жол берді.

Айта кетейік, VIII Халықаралық армия ойындары 12 елдің 30 полигонында өтті. «АрХО-2022» бағдарламасы далалық, әуедегі және теңіздегі жауынгерлік машықты көрсету бойынша 34 байқаудан тұрды.

Қазақстандық әскери қызметшілер жеті байқауда бағын сынады, олардың үшеуі ел аумағында өткізілді.


Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі



Соңғы жаңалықтар