«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» консенсус тармақтарының біріне айналды - cарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Сабина Садиева «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға қатысты пікір білдірді. ҚазАқпарат сарапшының пікірін толық жариялайды.


***

Өткен жыл ішінде қоғамда мемлекеттік басқаруды модернизациялау мәселесіне қатысты пікірталастар үнемі орын алып жатты. Соның ішінде, «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік басқаруды реформалау форматына қатысты жалпы консенсус тармақтарының біріне айналды.

Алғаш рет «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарда сипатталған болатын (7-реформа. Мемлекеттік сектор өзгерістің көшбасшысы ретінде, Бастама 7.10). Осы құжатқа сәйкес, «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» азаматтардың шешім қабылдау үрдісі мен маңызды мемлекеттік саясатты әзірлеуге қатысуына мүмкіндік береді.

Президент Қ. Тоқаевтың жолдауында «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» түсінігін мемлекет пен азаматтар арасындағы тұрақты және сындарлы диалогты ұйымдастырушы ретінде кең мағынасында түсіну ұсыналады: «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады».

Мұндай диалогты құрудың тәсілдері мемлекеттік сектордағы абсолютті жаңалық емес. «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы алдыңғы жылдары жүргізілген мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру бойынша барлық жұмыстар негізінде жүзеге асырылуда.

Біріншіден, бұған дейін мемлекеттік басқаруда «қызмет көрсету» қағидатын енгізу және жүзеге асыру сияқты жүйелік бетбұрыс болды. Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы реформаны маңызды меже деп санауға болады. Алғаш рет мемлекеттік органдар азаматтармен өзара әрекеттесуде таза әкімшілік тәсілден бас тартып, 2007 жылдан бастап мемлекеттік әкімшілік функциялардың жиынтығынан «қызметтер» бөлініп алынды, олардың сапа стандарттары құрылды және қызмет көрсету ортасы толығымен қайта құрылды.

Бүгінгі күнде біз «бір терезе» тәсілінің (ХҚКО жүйесі, e-gov), «бір құжат» (қызметтердің экстерриториялдығы, мемлекеттік қызметтерді алудағы қосымша құжаттарды талап етуден бас тарту) және кедергісіз қызмет көрсету ортасын құрудың тікелей жүзеге асырылуын көріп отырмыз. Мұның бәрі өте маңызды, өйткені азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу тәжірибесіне басымдық беріледі.

Екіншіден, азаматтардың өтініштері мен шағымдары бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Жеке заң бойынша мемлекеттік аппарат азаматтардың шағымдары мен өтініштерін қараудың қатаң талаптары мен мерзімдерін енгізді («Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 221-III Қазақстан Республикасының Заңы). Осы Заңның ережелері мемлекеттік органдар ішінде азаматтардың шағымдары мен өтініштерін қарау рәсімдерін жеке бақылаудың жолдарын құруға, сондай-ақ бірқатар көрсеткіштер бойынша – отырыстарды өткізу мерзімінен бастап қарау сапасына дейін тұрақты мониторинг жүргізуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, 2007 жылдан бастап жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тіркеуді Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жүргізеді. Қазіргі уақытта ҚР БП азаматтардың өтініштер беру, оларды бақылау және шағымдар бойынша сұрақтардың шешілуі барысындағы тәжірибесін жақсарту үшін жүйелер мен процестерді құруда. Адамдардың тәжірибесін, процестерге қанағаттанбау себептеріне талдау жасаған соң, азаматтардың жүгінуіне арналған бірыңғай алаң ретінде «Электрондық өтініштер» жүйесі құрылды. Азаматтар үшін бұл өтініштерді бағыттаудың бірыңғай нүктесі болып, процестерді жеңілдету тетігіне айналады. Ал уәкілетті мемлекеттік орган мониторинг жүргізіп, азаматтардың жүйелік проблемаларын талдап, анықтай алады. Text mining (өтініштердің мәтіндерін интеллектуалдық талдау) қолдану жоспарлануда, бұл өтініштерді қарау уақытын қысқартады, азаматтарға берілетін жауаптардың сапасын бағалауға мүмкіндік ашып, шағымдар мен өтініштердің барлық жиынтығы негізінде «проблемалық орындарды» анықтауға жол ашады.

Азаматтардың ресми шағымдары мен өтініштерін қарастыру арналарының мемлекет үшін маңыздылығы Президент Әкімшілігінде азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдармен қаралу сапасын бақылау бойынша арнайы бөлімнің құрылу фактісімен айқындалады.

Үшіншіден, «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асырылуына мемлекеттік басқарудың барынша ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған іс-қимылдар негіз болады. Мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпарат жеткіліксіз болған жағдайда азаматтар мен мемлекет арасындағы диалог мүмкін емес. Ашықтық саясатының жақсы құралы ретінде мемлекеттік сатып алу порталы мысал бола алса, ашық мәліметтер мен бюджеттік порталдар әлі де болса ашықтықтың үздік мысалы бола алмайды.

Әлеуметтік желілердің дамуы және мемлекеттің әлеуметтік желілер арқылы азаматтармен жұмыс істеу формаларын анықтауға деген ұмтылысын жеке фактор ретінде атап кеткен жөн.

Осы процестердің барлығы 10 жылдан астам уақыт бойында азаматтардың үніне «құлақ аса алатын», олармен кері байланысты ұдайы ұстап, алған ақпаратты өңдей алатын мемлекеттің негізіне айналуда.

Қазіргі уақытта азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимылының бірнеше жетекші бағыттарын атауға болады:

1. Әлеуметтік желілердегі өтініштерді жинау және өңдеу тәсілдері даму үстінде. Мысалы, жекелеген әкімдіктер әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды өздерінің халықпен өзара әрекеттесуінің ресми жүйесіне біріктіреді, ресми үндеулермен қатар мұндай жарияланымдар да нөмірленіп, оған жауапты тұлға тағайындалады және орындалуын бақылау жүзеге асырылады. Сонымен қатар Баспасөз қызметі әлеуметтік желілермен (жарияланымдар форматтары мен мерзімдері, әлеуметтік желілердегі мониторинг, мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік желілердегі белсендігі) жұмысты айтарлықтай өзгертуде.

Бұған қоса, сарапшылар мұндай бейресми арналарды кеңінен қолдану, бір жағынан, азаматтарға ортақ идеялар төңірегінде бірігу және ұжымдық әрекет ету үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер беретінін ескертеді, ал екінші жағынан мемлекеттік аппаратты манипуляциялық тактика мен жасанды коммуникация дағдарыстарына тәуелді етеді.

«Цифрлық охлократия» әсерін азайту үшін мемлекет халықпен өзара әрекеттесудің ресми арналарына көбірек қаражат салуы керек. Мәселен, егер қоғамдастықта онлайн-петицияны қолдануға сұраныс болса, онда бұл құралды партиялардың, мәслихаттардың немесе қоғамдық кеңестердің жұмысына біріктіруге болады.

2. Екінші маңызды үрдіс – партисипативті басқару құралдарын қолдану. Елрода мен Алматы қаласында қатысу бюджетін сынақтан табысты өткізгеннен кейін, Президент шешімімен бұл тәжірибені еліміздің барлық аймақтарына тарату қолға алынды.

Сондай-ақ, «Жергілікті басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңды іске асыру аясында қолданыстағы бюджет жүйесі жаңа типті – 4 деңгейлі бюджетті қосу арқылы реформаланды. Жергілікті атқарушы органдарға табыстың жаңа көздерін (жалдау кірісі, ерікті жарналар, әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұлдар, сыртқы (көрнекі) жарнама үшін төлемдер) берумен қатар, бұл реформа бюджет шығыстары туралы шешім қабылдау процесінде азаматтардың тікелей қатысуын қамтиды. Бүгінгі таңда бұл Қазақстандағы барлық басқару жүйелерінде азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуының тікелей нысаны (барлық 2353 ауылдық округтердің бюджеттері жергілікті қоғамдастықтың міндетті мақұлдауынан кейін қабылданады). Қаржылық тұрғыдан басқа, реформа елдегі күштерді теңестіруде маңызды институционалдық өзгерістерді бастайды – бұл үкімет пен халық арасындағы қашықтықты түбегейлі азайтады.

3. Мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын қолдануды жеке үрдіс деп атауға болады. Мемлекеттік органдар жедел хабар алмасу құралдарын пайдаланады, чат боттарын жасайды. Жергілікті атқарушы органдар өтініштерді қарау мен азаматтарды қабылдауды бір жерде жүргізген жағдайда қызмет көрсету «кедергісіз орта» қағидаттары бойынша «ашық қабылдау» арқылы жұмыс істейді.

Жалпы, менің ойымша, «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын одан әрі іске асырудың бірінші кезектегі міндеті азаматтардың пікірлері мен өтініштерін жинаудың барлық арналарын ретке келтіру жұмысы болуы тиіс. Сандық технологиялардың дамуы ақпараттың одан әрі өсуіне мүмкіндік береді, енді мемлекеттік аппарат бұл ағымды қалай басқаратыны туралы ойлануы қажет. Біріншіден, барлық кері байланыс арналары үшін қоңыраулардың бірыңғай классификаторын енгізу керек. Бұл азаматтардан пікірлер жинауға, «проблемалық аймақтарды» анықтауға және олар арқылы проактивті жұмыс істеуге арналған барлық арналар бойынша кросс-талдау жүргізуге мүмкіндік береді.

Бірыңғай анықтамалықтар Президент Әкімшілігінің мамандандырылған бөлімінің, Бас прокуратура жүйесінің, мемлекеттік органдар мен партиялардың қоғамдық қабылдауларының және басқаларының жұмысын біріктіруі керек.

Екінші басымдық – азаматтардың барлық топтарының ойлары мен мүдделерін ұсынуда тепе-теңдікті сақтау, өйткені «құлақ асатын» мемлекет үшін бәрін, әсіресе дауысы жалпы ортаға жақсы естілмейтіндерді тыңдау өте маңызды. Әлеуметтік желілерден пікір жинау мен талдаудың маңыздылығын ескере отырып, сонымен қатар, қиын өмірлік жағдайдағы азаматтар топтарының қажеттіліктері мен талаптарын бағалау тетіктерін әзірлеу қажет.

Триангуляция қағидаты, әр түрлі дереккөздерден алынған мәліметтер мен дәлелдерді салыстыра отырып, «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мынандай компоненттерден тұруы мүмкін: «пікірлер» (әлеуметтік желілердің мониторингі, сараптамалық бағалау), «мәліметтер» (мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен мәліметтер базасы), «дәлелдемелер» (мемлекеттік саясатты қалыптастыру және олардың нәтижелері мен ықпалын бағалау бойынша зерттеулер нәтижелері).

Үшінші басымдық – мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін кері байланысты пайдалану. Себебі «құлақ асу» міндеті өздігімен мемлекеттік аппараттың түпкі мақсаты емес.

«Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың соңғы нүктесі мемлекетті барынша тиімді, неғұрлым инклюзивті басқару, ал барлық шешімдер мақсатты түрде қабылданған және жиналған мәліметтер мен дәлелдерге негізделген (Evidence-Based Public Policy) болуы керек.


Соңғы жаңалықтар