Халық шағымынан соң «Қой көтеру» сайысында тірі мал пайдаланылмайтын болды

None
Фото: kstnews.kz
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Спорт жарыстарында жануарды пайдалануға қатысты қостанайлықтар білдірген наразылықтан кейін биыл Наурыз мерекесінде өтетін «Қой көтеру» сайысында тірі қой пайдаланылмайтын болды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Қостанай қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Қазез айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жарыс түрі бойынша спорт бөлімі тірі қойдың орнына салмағы аталған жануармен шамалас құм салынған қапты пайдалану туралы шешім қабылдады. Бірақ жүлде дәстүрлі форматта қалады. Жеңімпазға қой береміз», – деп мәлім етті Қайрат Қазез.

Сонымен қатар ол сайыстардың өтетін орны өзгергенін айтты.

«Біз бұған дейін ұлттық спорт түрлерінен жарыстарды қала орталығында өткізетінбіз. Шаһар орталығында орналасқан сауда нысандары көп болғандықтан, тиісінше мұнда адамдар ағыны көбейеді. Сондықтан спорттық сайыстар өтетін орын ретінде Байтұрсынов көшесі таңдалды. Қатысушылар спорттың 9 түрінен бақ сынайды», - деді Қайрат Қазез.


Соңғы жаңалықтар