Халық сайлауға үлкен жауапкершілікпен дайындалуда – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттің бекітілген заңы бар, сол заңға сәйкес ережелер бар. Бүкіл үгіт-насихат жұмыстары осы ережелер аясында жүзеге асуда. Бұл туралы елордада «Сайлау – 2021: үгіт-насихат трендтері» тақырыбында өткен сарапшылар талқылауында заң ғылымдарының докторы Есберген Алауханов айтты.

«Алдағы уақытта өтетін сайлау бойынша үгіт-насихат жұмыстары ұйымшылдықпен, тәртіпті түрде өтіп жатыр. Біз соның куәгеріміз. Қоғамдық тәуелсіз бақылаушы ретінде халықтың арасында жүріп, бәрін көріп жатырмыз. Бұл сайлаудың бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, Мәслихат сайлауы бойынша тұңғыш рет кандидаттар арасында жергілікті жерлерде дебаттар ұйымдастырылуда. Тұңғыш рет мәслихатқа депутаттыққа кандидаттар партиялық тізім бойынша өтіп жатыр. Екіншіден, коронавирус кезінде арақашықтық сақтау жөнінде қатаң ескертілуде. Халық сайлауға үлкен жауапкершілікпен дайындалып жатыр», - дейді заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» журналының редакторы Есберген Алауханов.

Оның айтуынша, үгіт-насихат жұмыстарына қатысты тәртіп бұзушылық болған жоқ.

«2021 жылы болатын сайлау өте жоғары дәрежеде өтеді деген сенімдемін. Біз құқықтық сауаттылығымыздың, құқықтық мәдениетіміздің жоғарылығын көрсетіп, құқықтық тәртіп бойынша дауыс береміз деп ойлаймын», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар