Халық санағын жүргізетін қызметкерлерге қанша еңбекақы төленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық статистика бюросының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Жорабек Дәуренов халық санағын жүргізетін қызметкерлерге қанша еңбекақы төленетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Санақты сапалы өткізу үшін қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта негізгі қаражат – санақ қызметкерлерінің жалақысы болып отыр. Мысалы, интервьюер қызметін төлеу үшін бірінші кезеңде бір ай үшін 83 мың теңге төленеді. Ал халық санағының негізгі кезеңінде – 104 мың теңге төленбек. Нұсқаушы-бақылаушыға 45 күн ішінде толық қызмет етсе – 125 мың теңге беріледі», - деп жауап берді Ж. Дәуренов елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, биылғы халық санағы дәстүрлі және онлайн форматтарда өтеді. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн режимде өздігінен сауалнама парақтарын толтыру мүмкіндігі болады. Жүйе тәулігіне 24 сағат қолжетімді болады, респонденттер санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы уақытты таңдай алады.

Одан басқа, «Egov» платформасында электронды цифрлық қолтаңба арқылы және Aitu мобильді қосымшасы арқылы санақтан өтуге болады. Ал дәстүрлі ұлттық санақ онлайн режимде санақтан өтпеген тұрғындар үшін 1-30 қазан аралығында өтеді.

Халық санағын жүргізетін қызметкерлерге вакцина алу талабы қойылып отыр.


Соңғы жаңалықтар