+7 (701) 759 90 19
USD 431.07 EUR 485.51
RUB 5.69 CNY 67.47
Jańalyqtar

Халық санағы: Жеке деректер қалай қорғалады, шетелдегі азаматтар санаққа кіре ме, 20 мың планшет қайда жіберіледі

2021 жылғы 8 қазан 16:01
Бөлісіңіз:
Халық санағы: Жеке деректер қалай қорғалады, шетелдегі азаматтар санаққа кіре ме, 20 мың планшет қайда жіберіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіз Қазақстан тарихында үшінші рет халық санағы өтіп жатыр. Алғаш рет қолға алынған онлайн санақ шығындарды едәуір азайтуға ықпал етіп, деректердің бірізді болуына, адами фактордың азаюына көмектесті. Әзірге жалпы санаққа республика бойынша 7 миллионнан астам адам қатысты, ал онлайн санақта Түркістан мен Қызылорда облыстары көш бастап тұр. Осы және өзге де қызықты мәліметтерді «Халық санағы - 2021» ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

– Олжас Сайлаубекұлы, уақыт бөліп келгеніңізге рахмет! Биылғы халық санағының басты ерекшелігі – онлайн санақ шығар. Әзірге тұңғыш онлайн санаққа 7 миллионға жуық адам қатысты. Бұл көрсеткішті қалай бағалайсыздар? Қай өңір белсенділік танытып келеді?

– Биылғы санақ Тәуелсіздік алғалы үшінші рет өткізіліп жатыр және цифрлық технологиялар қолданылған онлайн санақ бірінші рет өтуде. Соңғы дерек бойынша республика бойынша 6 млн астам адам онлайн санақтан өткен, 1 қазаннан бастап 400 мың адам дәстүрлі санаққа қатысып, интервьюерлер сұрағына жауап берді. Белсенді өңірлерге келсек, адам саны бойынша Түркістан облысы бірнші орында келеді, онда 902 мыңнан астам адам онлайн санақтан өтті. Әр облыста халық саны әртүрлі ғой, егер халық санына шаққандағы үлесін алсақ, Қызылорда облысы бірінші орында, онда халықтың 50 пайыздан астамы онлайн санақтан өткені белгілі болды.

– Биылғы халық санағын өткізуге 9 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Ал онлайн санақ шығындарды азайтуға ықпал етті ме?

– Едәуір ықпал етті деп айта аламыз. Өйткені, 2009 жылғы соңғы санақты алсақ, кей ақпарат көздерінде 1,44 млрд доллар жұмсалды деп айтылуда, ол шындыққа жанаспайды. 2009 жылы санаққа 6,5 млрд теңге жұмсалған болатын. Бұл қаражатты сол кездегі халық санына бөліп, сол кездегі доллар бағамымен есептегенде, 2009 жылы бір адамға кеткен шығын – 2,6 доллар болып есептелді. Ал биылғы доллар курсы мен халық санын есептесек, 9,1 млрд теңгені бөлгенде адам басына шығын 1,1 доллар болады, осы есеппен қарағанда шығын шамамен 3 есеге азайды десе болады.

Ең негізінен бұл цифрландырудың арқасында мүмкін болды. Биыл екі кезеңді қоса алғанда, 32 мыңнан астам интервьюер жұмылдыруды жоспарласақ, оларға төленетін жалақы 4,7 млрд теңгені құрайды. Жалпы бюджеттің жартысына жуығы – санақшылардың жалақысы. Ал 2009 жылы санақшылардың саны биылғыдан үш есе көп болған. Яғни, цифрлық технологияларды енгізудің тиімділігі – ақпаратты жедел жинауға мүмкіндік береді және адами факторды азайтады. Мысалы биыл 1 қазаннан бастап санақшылар планшетпен шықты, олар планшеттегі сауал нұсқаларын таңдауды ғана жүргізеді, яғни ештеңені толтырмайды, уақыт жоғалтпайды. Бұған дейін санақшылар үйлерді қағазбен аралайтын, ол қағаздағы деректерді компьютерге енгізетін. Ал планшетпен алынған деректер бірден орталық серверге жүктеледі және сол жақтан өңдеуге жіберіледі.


– Шетелде тұратын, оқып жатқан қазақстандықтар санаққа қалай қатысады? Олардан қандай мәліметтер жиналады? Мысалы олар қай мекенжайын көрсетуі керек?

– Онлайн санақ толтырғанда ең алдымен мекенжайды көрсету керек, санақта Қазақстан Республикасы аумағындағы мекенжайлар ғана шығады. Яғни, Қазақстан Республикасындағы тұрғылықты мекенжайын көрсетуі керек. Олар шетелде уақытша жүрген Қазақстан азаматты ғой, «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқандар бар, диаломаттарымыз бар, елге қайтқанда қай тұрғылықты мекенжайына келеді, соны көрсетуі керек.

Шетелдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері әрине, елдегідей қазақстандықтардың үйін араламайды. Дегенмен, санаққа байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірдесе қабылданған алгоритм бар. Әр дипломатиялық корпустағы жауапты қызметкерлер санақтан өту туралы арнайы оқытудан өтті және өз әріптестеріне онлайн санақтан өту жолдарын түсіндіреді. Шетелдегі қазақстандықтар да санақтан онлайн өте алады. Егер онлайн өту мүмкіндігі болмаса, сол жердегі консулдық немесе елшілікке барып, жауапты қызметкердің көмегіне жүгіне алады.

– Биылғы санақ үшін 91 сұрақ әзірленген. Бұл ретте әйелдерге, балаларға және ерлерге сұрақтар әртүрлі қойыла ма? Яғни, жынысына, жасына қарай, сұрақтар да әртүрлі болады ғой?

– Иә, бұл жерде барлық азаматтар 91 сұраққа жауап береді деген сөз емес. 91 сұрақтың ішінде тек қана әйелдерге, тек қана үй иелеріне немесе шетелден уақытша келген азаматтарға қойылатын сұрақтар бар. Онлайн санақта ең алдымен өзіңіз туралы мәліметті толтырып, содан кейін бірге тұратын отбасы мүшелерін қосуыңыз керек. Мәселен, үй жағдайы туралы сұрақтарға үй иесі ретінде сіз ғана жауап бересіз, қалған отбасы мүшелері бұл сұрақтарға жауап бермейді. Яғни, сіз қосқан респонденттер тек үшінші бағандағы жеке деректер сауалдарына ғана жауап береді. Біздің есебіміз бойынша, қазіргі уақытта бір адам шамамен 50 сұраққа жауап береді. Яғни, 91 сұрақтың барлығына жауап беру міндетті емес деп айтқым келеді.

– Тұрғындар санақшының барлық сұрағына жауап беруге міндетті ме? Өзі қаламаған деректерді айтудан бас тарта ала ма?

– Бұл жерде форматты логикалық бақылау жүйесі қойылған. Яғни, ол жауаптардың бір-біріне қарама-қайшы болмауын қадағалайды. Мысалы, мемлекеттік тілге қатысты «Қандай тілді меңгердіңіз?» деген сұрақ бар. Онда шартты түрде қазақ, орыс, ағылшын тілі деп белгілеп, 7 тілге дейін бірнеше нұсқаны таңдауға болады. Кейінгі сұрақта «Мемлекеттік тілді меңгердіңіз бе және оны күнделікті өмірде қолданасыз ба?» деген нақтылаушы сұрақ бар. Қазақ тілін білемін деп белгілеп алып, кейін мемлекеттік тілді білмеймін деп жауап берсеңіз, сізді келесі сұраққа өткізбейді. Яғни оның алдындағы жауапты түзеңіз немесе осы жауапты ретке келтіріңіз деп белгі береді. Бұл форматты-логикалық бақылаумен қарастырылған нәрсе, ол алынған деректердің бірізділігін қамтамасыз етеді. Содан кейін азамат санақты бастаған соң, өзіне ұсынылған сұрақтардың барлығына мәлімет ұсынуға міндетті. Мұнда жеке деректерді мәжбүрлеп жинап алып, біреуге береміз деген сөз емес. Бұл мәліметтер тек қана статистикалық өңдеу үшін қолданылады, жеке мәліметтер басқаларға қолжетімді болмайды. Оған заңмен де кепілдік беріледі және ақпараттық желілердегі қауіпсіздік шараларымсен де қамтамасыз етілген. Статистикалық деректердің нәтижесі жарияланғанда, сіздің жеке дерегіңіз шықпайды, тек қана сіздің жасыңыздағы, сіздің жынысыңыздағы, сіздің ортаңыздағы жалпы жағдай көрсетіледі. Яғни жеке бір адамның деректері жарияланбайды, соны түсіну керек. Яғни, тұрғындар санақта ұсынылған сұрақтардың барлығына жауап беруі керек. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, 91 сұрақтың барлығы бір адамға қойылмайды.

– Күні кеше мессенджерлер арқылы «Халық санағы» бейнебайланыс арқылы өтеді деген фейк ақпарат шықты. Бұл мәселені анықтадыңыздар ма?

– Бұл ақпарат шыққан бойда бірден жауабын бердік. Үйлерді аралайтын санақшылардың негізгі мақсаты – онлайн санақтан өтпеген азаматтарды қамту. Онлайн санақта бір отбасының бірнеше мүшесі туралы бағандар толтырылады, онда күйеуі, әйелі немесе баласы қалып қоятын жағдайлар болады. Яғни сіз онлайн өткен болсаңыз, 10 қарашаға дейін келген хабарламаны сақтауыңыз керек болады. Сол хабарламаны санақшыға көрсетесіз, санақшы өз планшетінен отбасының санақтан өткенін тексереді және еш сұрақ қоймастан келесі мекенжайға кетеді. Ал бейнебайланыс арқылы, телефон арқылы жалпы қашықтан сауалнама жүргізу бізде қарастырылмаған, мұндай тәсілді мүлдем қолданбаймыз. Егер біреулер бейнебайланыс тәсілін ұсынатын болса, алаяқтық әрекеті болуы мүмкін деп айттық. Қарағанды облысынан шыққан ақпарат жөнінде де полиция депаратменті өз коммертаийін берді.

Бұл ретте шын санақшыларды танудың өз жолдары бар. Олардың мойнында санақ логотипі бар көк түсті шарф, көк сөмкесі және планшеті болады. Ең негізгісі – интервьюер екенін растайтын бейдж-куәлікте аумақтық статистика департаменті басшысының қолымен және мөрімен расталған интервьюердің фотосуреті, толық аты-жөні болады. Куәліктің жоғарғы бөлігінде тіркеу нөмірі көрсетіледі. Бұл нөмірді sanaq.gov.kz сайтында «интервьюерді іздеу» жолағына енгізіп, тексеруге болады.

Ал енді дәстүрлі санаққа тоқталсақ, 1 қазаннан бастап санақшылар үйлерді аралауды бастады. Олар тұрғындарды қай уақыт аралығында мазалауға құқылы? Арнайы бекітілген жұмыс кестесі бар ма?

– Нақты уақыт кестесін әр аумақтағы санақшылардың өзі белгілейді. Өйткені, күндіз көп адамдар жұмыста болады. Үйіне барғанда ешкім жоқ болса, қағазға санақшы екенін ескертіп, өз мәліметтерін жазып, хабарлама қалдырады. Ал егер ешкім хабарласпаса, өз аумағындағы мекенжайларды аралап болған соң, жауап бермеген үйлерге тағы да соғады. Уақыт кестесіне келсек, әкімшілік заңнамада азаматтарды мазаламау туралы тәртіп бар, ұмытпасам, жұмыс күндері 22:00 дейін, демалыс күндері – 23:00 дейін. Санақшылар да сол уақыт шеңберінде ғана үйлерді аралай алады.

Санақтан онлайн өте алмайтын азаматтарды қамту үшін интервьюерлер жұмылдырылған. Санақшы ретінде сол жердегі тұрғын, жұмыссыз немесе еңбек демалысында жүрген азамат та шыға алады, олардың қосымша табыс табуына мүмкіндік бар. Яғни сол аумақтың тұрғыны интервьюер ретінде санақты жүргізе алады. Ең негізгі талап – 18 жастан асқан азамат және қазіргі жағдайға байланысты вакцина алған болуы тиіс. Азаматтармен тіл табыса алатын, планшетпен, компьютермен жұмыс істей алуы керек. Олар арнайы оқытудан өтті. Одан бөлек, Бюро тарапынан әрбір интервьюерге қорғаныш құралдары беріледі, санақшылар антисептик қолданып, маска тағып жүруге, әлеуметтік ара қашықтық сақтауға міндетті.

Санақшылардың барлық үйді аралап шыққаны қалай тексеріледі? Олардың маршуртын навигация арқылы бақылау немесе тіркеу тәсілдері қолданыла ма?

– Егер планшетке навигация орнатсақ, оған қалыпты интернет те қою қажет болады. Ал планшеттегі деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үйреншікті интернет берілген жоқ. Оған байланыс операторы тек қорғалған желіні ғана береді, сол желі арқылы мәліметтер орталық базаға ғана келіп түседі. Осылайша ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сондықтан, планшеттегі мәліметті қорғау талабы бойынша, әдепкі қалыпты интернет болмауы керек. Сәйкесінше, онда навигация құралдары да болмайды.

Бірақ, 1-30 маусым аралығында санаққа дайындық кезеңі жүргізілді. Сол кезде әрбір санақшыға учаске мен жүктемелер теңдей бөлінді. Әр интервьюер өз аумағындағы мекенжайлар туралы толық ақпарат беруі керек болды. Санақ кезінде де қандай да бір мәселе туындаса, инструктор-бақылаушыға хабарлайды, ол деңгейде мәселе шелімесе, аумақтық статистика бөліміне жүгіне алады. Яғни жұмыс процесінде барлығы қадағаланады.

Білім министрі мұғалімдерді санақ жұмыстарына тартқандар тиісті жазасын алады, айыппұл салынады деген еді. Бүгінгі күнге дейін жауапқа тарту, жазалау оқиғалары болды ма? Санақ бойынша шағымданғысы келгендер қайда жүгіне алады?

– Бюро тарапынан белгілі бір жалақыға белгілі бір қызмет қана ұсынылады және біздің екі түрлі келісімшартымыз бар – ақылы түрде қызмет көрсетуге келісім және азаматтардың жеке деректерін үшінші тұлғаларға жарияламау келісімі бар. Осы келісімдерге қол қойылғанда ғана біз санақшыларды жұмысқа қабылдаймыз. Бізде еш мәжбүрлеу жоқ, егер азамат жұмыс істеп жүрсе де, қосымша табыс тапқысы келсе, еш шектеу қоймаймыз. Ал біреуді мәжбүрлеп санаққа жұмсау талабы бюро тарапынан қойылмаған.

Тек қана Статистика бюросы барлық мемлекеттік мекемелерге хат жолдады. Ол хатта «Халық санағы сынды маңызды шара өтіп жатыр, оны екі жолмен тапсыруға болады, санақтың маңыздылығын барлық қызметкерлеріңізге жеткізуді сұраймыз» деп жазылған. Шағымдану ісі Статистика бюросының құзыретіне жатпайды. Ол үшін Еңбек инспекциясы, құқық қорғау органдарына хабарласқан жөн. Себебі, Статистика бюросы – шара қолданатын ұйым емес. Бұл жағдайда бюро консультаутивтік қана көмек бере алады. Ол үшін 1446 жедел желісі бар.

– Санақ жұмыстары үшін 23 мың адам жұмысқа алынды. Оның 20 мыңы тікелей үйлерді аралайтын интервьюерлер. Санақ біткен соң 20 мың планшет қайда жіберіледі? Мектептерге қайырымдылық ретінде берілуі мүмкін бе?

– Әуел баста санаққа бөлінген бюджетті қолдану кезінде, оны екі айлық шараға ғана қолданбай, кейін де кәдеге жарату қарастырылған. Дәл осы планшеттерге келсек, олардың біраз бөлігі Статистика департаменттерінде қалады. Себебі департаменттердің өздерінің жүргізетін зерттеу жұмыстарына бұл құралдардың қажеттілігі бар. Ал басым бөлігі мектептер мен ауруханаларға беру туралы алдын ала келісім жасалған. Яғни, мектептер мен ауруханалардың қажеттілігіне қарай берілмек.

Сөзімізді түйіндей келе, халық санағының маңызына тоқталайықшы. 91 сұраққа берілген жауаптар өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді ғой?

– «Санақ» деген сөздің өзін көптеген адамдар халықты санау ғана деп түсінетін сияқты. Бұл шараның халықаралық та маңызы бар. Бұл біздің ғана елімізде өтіп жатқан жоқ, БҰҰ Бас ассамблеясы жариялаған 2020 жылғы раунды аясында өтіп жатыр. Мұны 10 жыл сайынғы динамика, халықтың жағдайының қалай өзгергенін, қай жаққа өзгеруі мүмкін екенін болжауға бағытталған мәліметтердің дереккөзі деп айтамыз. Сұрақтардың ауанына қарай байқасаңыз, демография, экономика, әлеуметтік жағдай сынды түрлі салалар қамтылған. Барлығының негізінде мәліметтер жиналып, мемлекеттік органдарға өздерінің стратегиялық жоспарын құруға қажетті дерек базасы құрылады. Бизнес өкілдері де өз тұтынушылары туралы жалпы картинаны көре алады. Белгілі бір ауданда, облыста қандай қызмет жетіспейді, қай қызметті жетілдіруге болатынын бағамдап, өз бизнес жоспарын құра алады. Ғылыми институттар мен қоғамдық ұйымдарға да қажетті деректер осы санақта жиналады. Мәліметтердің барынша шыншыл, объективті болуы түрлі салаға қажетті зерттеулерге ғана емес, нақты шараларды пайдалануға да қажет болады. Бұл жерде мәлімет жинаудан ұтылып жатқан тарап жоқ. Тұрғындар өзіне не жетпей жатқанын көрсете алады, сол жауаптардың негізінде нақты шаралар да қабылданбақ.

Еске сала кетейік, биылғы санақтың басты жаңашылықтарының бірі – санақтың дәстүрлі және онлайн форматта өтуі болды. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн режимде сауалнама парақтарын толтыру мүмкіндігі болады. Респонденттер санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы уақытты таңдай алады, сайтта бланк толтыруды тоқтатып, кейіннен жалғастыра алады. Одан басқа, Egov платформасында электрондық цифрлық қолтаңба арқылы және Aitu мобильді қосымшасы арқылы, sanaq.gov.kz сайты арқылы санақтан өтуге болады. Ал дәстүрлі ұлттық санақ онлайн режимде санақтан өтпеген тұрғындар үшін 1-30 қазан аралығында өтеді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Айжан Серікжанқызы

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT