Халық санағы: Дербес деректерді сақтау үшін криптографиялық құралдар қолданылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аазаматтардың халық санағы кезінде берген деректерін қауіпсіз сақтау үшін криптографиялық қорғау құралдары қолданылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті.

«Халық санағын жүргізу кезінде жеке деректердің қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. Азаматтардан алынатын барлық ақпарат қорғалған байланыс арналары арқылы бюроның орталық серверіне беріліп отырады. Ондағы ақпаратты қорғау үшін Қазақстан Республикасының стандарты бойынша ақпаратты криптографиялық қорғау құралдары қолданылады», - деді бюро басшысы.

Ал Sanag.gov.kz cайтын қорғау үшін Sectigo SSL сертификаты сатып алынған көрінеді.

«Онда пайдаланушы мен сервер арасында деректер алмасу қорғалған https хаттамасы бойынша жүреді. Ұлттық статистика бюросының барлық ақпараттық жүйесі ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері тізіміне енгізілген және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ мониторингіне алынған. Сондай-ақ, ақпараттандыру саласындағы заңнама талаптарына сәйкес ақпараттық жүйенің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізілді және оң нәтиже алынды», - деп нақтылады Нұрболат Айдапкелов.

Оның айтуына қарағанда, «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ санақ бойынша sanaq.gov.kz ақпараттық ресурстың қол жетімділігіне тәулік бойы мониторинг жүргізіп, хакерлік шабуылдардың алдын алып отыр.

«Алғашқы статистикалық деректердің сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету ҚР заңнамасымен реттелетін процестер шеңберінде заманауи техникалық құралдарды пайдалану арқылы және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен ынтымақтастықта жүзеге асырылады», - дейді Ұлттық статистика бюросының басшысы.


Соңғы жаңалықтар