Халық санағы: Дәстүрлі және онлайн сауалнамаға қалай қатысу керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық статистика бюросының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Жорабек Дәуренов биылғы ұлттық санақтың қалай өтетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, санақ екі кезеңге бөлінеді. Бірінші дайындық кезеңі 1-30 маусым аралығында өтеді. Оның негізгі мақсаты – адамдардың көрсетілген мекенжайда тұруын нақтылау. Ол халықтан ауызша сауалнама сұрау арқылы өтеді. Екінші кезеңде – жиналған мәлімет санақ персоналына бөлінеді.

«2021 жылғы ұлттық санақтың басты жаңашылықтарының бірі – 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн режимде өздігінен сауалнама парақтарын толтыру мүмкіндігі болады. Жүйе тәулігіне 24 сағат қолжетімді болады, респонденттер санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы уақытты таңдай алады, сайтта бланк толтыруды тоқтатып, кейіннен жалғастыра алады. Одан басқа, Egov платформасында электрондық цифрлық қолтаңба арқылы және Aitu мобильді қосымшасы арқылы санақтан өтуге болады», - деді Ж. Дәуренов елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Дәстүрлі ұлттық санақ онлайн режимде санақтан өтпеген тұрғындар үшін 1-30 қазан аралығында өтеді. Дәстүрлі санақтың жаңашылықтары – интервьюердің электронды планшеттерді пайдалануы, заманауи цифрлық технологияның енуі мен үрдістердің автоматтануы болмақ. Бұл деректер сапасына адам факторының ықпалын азайтады және деректердің базаға толық енуіне мүмкіндік береді.

«Біздегі халық арасындағы сауалнама жүргізетін интервьюерлер үшін міндетті талап – жеке басын куәландыратын құжат пен бейдждің болуы, суреті, аты-жөні, берілген күні, қолдану мерзімі аумақтық статистика органының қолымен және мөрімен расталған болуы тиіс. Халық санағы белгісі бар көк түсті шарф пен портфель болуы керек. Нұр-Сұлтан қаласында 4 аудан бар, жалпы қала тұрғындарының саны 1 мамырда 1 млн 199 083 адамды құраған. Осы негізгі мәліметті санақ барысында растауымыз қажет», - деп түсіндірді департамент өкілі.

Санақ барысында республика тұрғындары үшін 1446 бірыңғай колл-орталығы жұмыс істейді. Оған стационарлық және ұялы телефоннан қоңырау шалу тегін.


Соңғы жаңалықтар