Халық санағы арқылы халықтың тұрмысы, әлеуметтік жағдайы көрінеді - Олжас Сайлаубекұлы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні республика бойынша он жылда бір рет өткізілетін Ұлттық халық санағы өтуде. Биылғы халық санағы еліміз тәуелсіздік алғалы бері үшінші мәрте өткізіліп отыр.

Сонымен қатар, биылғы Халық санағы алдымен 2020 жылы өту керек болатын, пандемияның кесірінен 2021 жылға шегерілген еді. Осылайша, Ұлттық санақты өткізудің сәті биыл келді. Осыған орай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өтіп жатқан Ұлт­тық халық санағы жайында «Ұлттық Халық Санағы-2021» шарасының ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы ҚазАқпарат тілшісіне өз пікірімен бөліскен еді.

«Қазақстанда халық санағы БҰҰ жариялаған 2020 жылғы халық санағы мен тұрғын үй қорының Дүниежүзілік раунды аясында өтеді. Тәжірибе бойынша әлем елдерінде 10 жылда бір рет өтеді. Кей елдерде 5 жыл аралығында өтеді. Сондай-ақ, халық санағы деп бір мезеттегі бүкіл мемлекеттің, яғни, халықтың бет бейнесінің көрінісі десе болады. Яғни, бұл жерде халық санынан бөлек, оның тұрмысы, әлеуметтік жағдайы көрінеді»,- дейді ол.

Оның айтуынша, Ұлттық халық санағы арқылы сапалы мәліметтер жинақтауға болады. Сол мәліметтерді пайдалана отырып, ары қарай мемлекетке сапалы бағдарламалар қабылдау мүмкіндігі туады. Сондықтан бұл шараның маңыздылығы жоғары.

«Бұл біздің мемлекеттегі маңызды жоспарларға қажетті мәліметтердің дереккөзі болып табылады. Ол тек мемлекеттік органдар үшін ғана емес, сонымен бірге, ғылыми ұйымдар, қоғамдық ұйымдар, бизнес үшін де қажетті мәліметтер бар. Сол себепті, өздерінің жұмысы, ары қарайғы жоспары үшін тигізер тиімді тұстары бар. Мысалы, соңғы тұтынушысы туралы жан-жақты мәлімет алуға мүмкіндігі бар. Халық сағағы біткен соң, оның мәліметтері өңделіп, толық қолжетімді болады. Яғни, мәліметтер сайтқа жарияланып, сол жерден қызығушылық танытқан әрбір адам онымен танысып, өзіне қажетті тұсын түртіп алуына мүмкіндігі болады»,- деді Олжас Сайлаубекұлы.

Спикер Халық санағы кезіндегі сауалнама сұрақтары жайлы өз ойын былай жеткізді: «Бұл сауалнама бүкіл мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген. Халықаралық ұйымдардың ұсыныстары да енгізілген. Одан бөлек, бұл санақ сауалдары өз тәртібі бойынша қоғамдық талқыға салынған, содан кейін тиісті қорытындысын алған соң ғана қолданысқа еніп отыр».


Соңғы жаңалықтар