Халық өз болашағы үшін дауыс беріп жатыр – халықаралық байқаушы
«Біз, бір топ байқаушы Қазақстанға жұма күні келдік. Келе сала референдумға дайындық жұмысының барысымен таныстық. Заңдылық жағын қадағаладық. Орталық сайлау комиссиясының саяси шараға тыңғылықты дайындалғанын көріп отырмыз. Аумақтық референдум учаскелерінің де белсенділігі байқалады», - деді Дмитрий Кобицкий БАҚ өкілдеріне.
Оның айтуынша, елордадағы №111 референдум учаскесінде халықтың белсенділігі таңғы сағат 7-ден басталды.
«Халық өз болашағы үшін, өзгерістер үшін дауыс беріп жатыр. Референдум нәтижесі елдің болашақ дамуына оң әсерін тигізеді деген сенімдемін. Біздің байқаушы ретіндегі бүгінгі міндет – референдум кезінде заңның сақталуын қадағалау. Күні бойы 120 учаскені аралап, жұмысын байқаймыз. Мен байқаушы ретінде Қазақстанда бұған дейін де бірнеше рет болдым. Дайындық тиісті деңгейде жүреді. Референдум Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсатында өткізіледі. Ал Конституцияның негізі әлдеқашан қаланып қойған. Бірақ заман және халықтың талабына қарай уақыт өте келе өзгерістер керек», - дейді ол.
Бүгінгі референдумды қадағалауға ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан барлығы 8 елден 57 байқаушы келді.