Халық нақты өзгерістерді күтіп отыр – Ермұхамет Ертісбаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамед Ертісбаев барша қазақстандықтарды алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің партиямыздың идеясы – социализм. «Қайдағы социализм?» деп сұрауларыңыз мүмкін. Мысалы, скандинавиялық социализм бар. Норвегия осыдан жарты ғасыр бұрын ғана Солтүстік теңізден мұнай мен газдың орасан зор қорын тапқан. Ал қазір әрбір норвегиялықтың арнайы шотында орта есеппен 238 мың еуро жатыр. Жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Бізде идея бар, сол идеяға қадам басып келеміз. Бұл тұрғыдан алғанда, егер 19 наурызда миллиондаған адам Халық партиясының бағдарламасын қолдаса, бұл идея материалдық күшке айналады. Біз бұл іске ізгі ниетпен қараймыз», - деді Ермұхамет Ертісбаев КТК телеарнасында өтіп жатқан телевизиялық пікірсайыста.

Сондай-ақ, ол пікірсайысқа қатысушыларды елдің орта және ұзақмерзімді даму келешегі туралы пайымын паш етуге үндеді.

«Түсінесіздер ме, біз қазір цифрлар мен фактілерге, алуан түрлі уәделерге еріп кетуіміз мүмкін. Ал пікірсайыс деген - пікір алмасып, идея бөлісетін алаң. Сондықтан, осы тұрғыдан алғанда пікірсайысқа қатысушылардың бәріне қайрылғым келеді – пайымдар мен идеялар арқылы еліміздің орта және ұзақмерзімді даму келешегі туралы пайымдарымызды паш етейік», - деді Ермұхамет Ертісбаев.

Оның айтуынша, халық нақты өзгерістерді қалайды.

«19 наурызда кімге дауыс берсеңіздер де, өзіңіз білесіз. Тек азаматтық, конституциялық парызыңызды орындасаңыз болды, ең бастысы – сайлауға келіңіздер!», - деді партия төрағасы.

Сондай-ақ, ол пікірсайыс кезінде өзге партия өкілдерінің сауалына жауап бере отырып, кәсіпкерлерді еркіне қоя беру керектігін айтты.

Ермұхамет Ертісбаевтың пікірінше, әкімдер мен судьяларды сайлайтын жүйе енгізілсе, елдегі ахуал түбегейлі өзгермек.

Айта кетейік, бүгін КТК телеарнасында Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдері арасында пікірсайыс өтіп жатыр.

Дебатқа «Amanat» партиясынан Айдос Сарым, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Динара Шүкіжанова, Қазақстан халық партиясынан Ермұхамет Ертісбаев, «Байтақ» жасылдар партиясынан Айнұр Сәбитова, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Дәния Еспаева, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Асхат Рахымжанов қатысуда.


Соңғы жаңалықтар