Халық көп жиналатын жерлерде теракт жасамақ болғандардың жолы кесілді – ҰҚК

None
Фото: ortcom.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері еліміздегі халық көп жиналатын жерлерде қолдан жасалған жарылғыш затты қолдана отырып, теракт жасамақ болғандардың жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің биылғы атқарған жұмыстары туралы есеп берген комитет төрағасы Ермек Сағымбаев мәлім етті.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері бірқатар лаңкестік қылмыстың, соның ішінде қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны қолдану арқылы халық көп жиналатын орындардың бірінде жасалмақ болған террористік актіге тосқауыл қойылғаны жөнінде баяндалды.

Берілген мәлімет бойынша 19 адам қамауға алынды. Ермек Сағымбаев Терроризмге қарсы орталық штабының жұмысын үйлестіру кезінде террорлық қатерлерге қарсы іс-әрекет шараларын жетілдіру үшін жаттығу жиындары мен дайындықтар өткізілгенін хабарлады.

Сонымен қатар шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерінің барлау әрекеттеріне қарсы іс-қимыл операциялары жүзеге асырылды. Анықталған бірқатар факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізген криминогендік жағдайды сауықтыру жұмыстарының нәтижесі туралы баяндалды. Биылғы төрт айда ҰҚК 8 қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады. Қару-жарақ пен оқ-дәрі жасауға қатысты 7 жасырын цех жойылды. Заңсыз айналымнан 268 қару, 21 граната және 30 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. 16 есірткі лабораториясының, 11 халықаралық және 17 өңірлік есірткі каналының жұмысы тоқтатылды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық бөлімшелері 37,9 миллионнан астам кибершабуылды және елдің маңызды инфрақұрылым нысандарына бағытталған 1948 DDoS-шабуылға тойтарыс берді.


Соңғы жаңалықтар