«Халық қаһарманы» атағын беру арқылы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н. Назарбаевтың Отанына сіңірген орасан еңбегі заң жүзінде танылады - Қ. Мәми

None
None
АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Халық қаһарманы» атағын беру арқылы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н. Назарбаевтың Отанына сіңірген орасан еңбегі заң жүзінде танылады.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасына «Халық қаһарманы» атағын беруді қамтамасыз ететін заң туралы пікірін білдірген Сенат Төрағасы Қайрат Мәми осылай мәлім етті.

«Заң жобаларының негізгі мақсаты Тәуелсіздіктің негізін қалап, дербес мемлекетімізді нығайтудағы Елбасының айрықша рөліне назар аудару, бұған Парламент тарапынан әділ баға беру болып табылады. Заманымыздың аса көрнекті реформаторы, өңірлік, жаһандық тың бастамалар мен батыл шешімдердің ұйытқысы, бүкіл әлем мойындаған биік беделді саясаткер ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы ең жоғары мемлекеттік награда - «Халық қаһарманы» атағына лайық екендігі бұрыннан белгілі ақиқат. Бұл бағытта талай бастамалар көтерілген болатын. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы өзіне тән қарапайымдылықпен осындай ұсыныстардан ылғи бас тартып келеді. Ал бүгінгі награданың ерекшелігі - бұл Президенттің жеке басына ғана емес, Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы мәртебесіне тән болып отырғандығында», - деді Қайрат Мәми.

Сенат Төрағасының айтуынша, заңдарға енгізілген толықтырулар арқылы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н. Назарбаевтың Отанына сіңірген орасан еңбегі заң жүзінде танылады. «Бұны Қазақстан халқы толық қолдайды деп мен кәміл сенемін және мұны Сенат депутаттарының ортақ пікірі деп санаймын. Бұдан бұрын да Сенат осындай ойды білдірген болатын», - деді палата спикері.

Соңғы жаңалықтар