«Халық Қаһарманы» атағы арқылы Елбасының тарихи рөлі заңдық мәртебемен белгіленді

None
None
АСТАНА. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Осы аптаның маңызды жаңалығы - сәрсенбідегі Үкімет отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің ұсынысы жасалды. Осыған орай, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» Конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізіліп, Елбасыға «Халық Қаһарманы» атағын заңды түрде бекіту көзделді.

«Бұл ұсыныс Қазақстанның Тәуелсіз ел ретінде қалыптасуы мен дамуындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының тарихи рөлімен негізделген. Қазіргі уақытта Қазақстан халықаралық аренада жоғарғы беделге ие. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының басшылығымен елімізде 20 жылдан бері әлеуметтік, экономикалық, саяси және құқықтық жүйелерді жаңғырту табысты түрде іске асырылуда. Баяндалғанды ескере отырып, Премьер-министрдің ұсынысын қолдауды және заң жобаларын Парламент Сенатына жолдауды сұраймын», - деді екі құжат туралы Үкімет мүшелерін таныстарған Әділет министрі Рашид Түсіпбеков. Министрлер Кабинетінің бірауыздан қолдауына ие болған ұсынысқа қол қойып тұрып Үкімет басшысы: «Бұл менің - өмірімдегі бұрын-соңды қол қойып көрмеген аса маңызды әрі тарихи құжат», - деген болатын.

Осылайша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасын «Халық Қаһарманы» атағына ұсыну туралы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің сейсенбідегі бастамасы кідірместен Сенатқа жетіп, бейсенбідегі палатаның отырысында бірауыздан қолдауға ие болды. Алдымен жиынды ашып сөз сөйлеген Сенат спикері Қайрат Мәми құжаттың маңызыдылығына тоқталған болатын. «Заң жобаларының мақсаты - Тәуелсіздіктің негізін қалап, дербес мемлекетімізді нығайтудағы Елбасының айрықша рөліне Парламент тарапынан әділ баға беру. Заманымыздың аса көрнекті реформаторы, өңірлік һәм жаһандық тың бастамалар мен батыл шешімдердің ұйытқысы, бүкіл әлем мойындаған биік беделді саясаткер ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы ең жоғарғы мемлекеттік награда - «Халық Қаһарманы» атағына лайық екендігі бұ­рыннан белгілі ақиқат. Бұл жөнінде талай бастама көтерілген болатын. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы өзіне тән қарапайымдылықпен ондай ұсыныстардан ылғи бас тартып келеді. Ал бүгінгі заңның ерекшелігі - награданың Прези­денттің жеке басына ғана емес, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы мәртебесіне тән болып отыр­ған­ды­ғында», - деп түсіндірді Сенат төрағасы. Яғни заңдарға енгізілген толықтырулар арқылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың Отаны­на сіңірген орасан зор еңбегі заң жүзінде танылады.

Заңдарда қарастырылған мәртебе бойынша Нұрсұлтан Әбішұлына айрықша ерекшелік белгісі - «Алтын жұлдыз» және Отан ордендері тапсырыла отырып, Елбасы «Халық Қаһарманы» атағына иегер болады. Қабылданған заңдардың қорытынды бөлігінде Тұң­ғыш Президенттің көп жылдар бойына атқарып келе жатқан кемел саясатының нәти­желері, соның арқасында халықтың әл-ау­қаты артып, елдің биік беделге ие болғаны жазылыпты. «Н. Назарбаев елдің бірлігін, Конституциясының, адам мен азаматтың құ­қықтары мен бостандықтарының қор­ғалуын қамтамасыз еткен, жаңа Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, оның жетістіктері Қазақстан халқы тарапынан зор құрмет пен сенім тудырады», - делінген заң жобасының қорытындысында.

Құжатты талқылау барысында Сергей Плотников Пре­­зи­­денттің азғана уақытта адам нан­ғысыз атқарған істеріне халықтың өзі жоғары баға беріп отырғанын айтып, жоғары награданың 5-10 жыл кеш беріліп отырғанын да тілге тиек етті. «Президент те - адам. Біздегі жүрек Президентте де бар. Сон­дық­тан ол да толқиды, толғанады. Алайда Ел­басы­ның жүрек толқулары қалың елінің та­лайлы тағдыры еді. Замана мен дәуірдің қилы да аласапыранды «тар жол, тайғақ кешу­лерінің» аумалы-төкпелі кезеңдерінен туған елін аман алып өту Елбасын толған­дырып келді. Әлі де сол жайт Президентті тол­ғандырады», - деді сенатор Жабал Ерға­лиев. Бұдан кейін, шетелдік жұртшылық арасындағы Ел­басы беделі туралы әңгімені сенатор Мұхтар Алтынбаев та жалғастырды. Депутат жақында ғана Түркияға сапармен бар­ғанын, онда Нұрсұлтан Әбішұлына көр­сетілетін зор құрметке тәнті болғанын тілге тиек етті. «Мен өзім де Халық Қаһар­ма­нымын. Алайда менің еңбегімді Елба­сы­ның дербес мемлекеттігімізді қалыптас­тырудағы қайраткерлігімен салыстыруға еш келмейді. Елдігіміздің өркендеуіне, мемлекеттігіміздің нығаюына қатысты Президенттің лайықты қызметтерін дәлел­деп жатудың қажеті де шамалы. Сондықтан да нағыз Халық Қаһарманы - Елбасы Н.Назарбаев», - деді Мұхтар Алтынбаев. Осылай­ша, аз талқыдан соң Сенат бірауыз­дан қос бірдей заңды қабылдады. Бұдан соң, палата Төр­ағасы Қайрат Мәми осы күннің тағы бір тарихи аста­рын ашып айтты. «Бүгінгі отырыстағы маңызды шешімнің қабыл­дануында және бір символикалық жайт бар әрі мұны ешкім әдейі ұйымдас­тырған да емес. Осыдан дәл 20 жыл бұрын - 1991 жылдың 1 желтоқсанында Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы алғаш рет бүкілхалықтық сайлауда жеңіске жетіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті болып сайланған еді. Осынау тари­хи күнге дәл бүгін 20 жыл толып отыр. Сондықтан да Елбасы мен бүкіл қазақстандықтарды осынау мерейлі күнімен және бүгінгі қабылданған маңызы зор заңымен құттықтаймын. Бұл заңдарға Мемлекет басшы­сы қол қояды деген сенім білдіремін», - деді Қайрат Мәми.


* * *


Үкімет отырысы барысында бұдан бас­қа тағы да бірнеше мәселе қаралып, қа­был­­­дан­ды. Соның бірі - энергия үнемдеу жә­не тиім­ділігін арттырудың кешенді жос­па­ры болды. Аталмыш жоспар энер­гия­ны үнем­деу­дің нақты шараларын қарасты­рады және бірнеше секторда жүзеге асыру көзделеді. Со­ның ең бастысы - өндіріс орын­дары. Се­бебі барлық электр энер­гия­сы­ның 70 па­йы­зынан астамын өндіріс орын­дары пай­даланады. Екінші негізгі сек­тор­лар - бюд­жеттік сектор және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылықтар. Әрбір сектор бойынша 2015 жылға дейін нақты шаралар жоспары бе­кітілген. Бұдан бөлек, жос­парға нақты қара­жат та көзделген. Қа­ражат, негізінен, энер­гия үнемдейтін жаңа технологияларға ба­ғыт­талады.

Үкімет отырысында қаралған тағы бір маңызды мәселе
«Ха­лықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асы­ру­­. Бұл ретте Қазақстан Респу­бли­касының кей­­бір заңнамалық актілеріне елімізде қор на­­рығын дамыту мәселелері бойынша өз­ге­­рістер мен толықтырулар енгізу қарастырылатын болады. Заң жобасының не­гіз­­гі мақсаты - «Халықтық IPO» бағдар­ла­ма­­­сын жүзеге асыру үшін нормативтік база құру. Сонымен қатар жоба еліміздегі ірі компаниялардың жұмысын ашық әрі тиім­ді жүргізуге, ішкі қор нарығын да­мы­ту­ға бағытталатын болады. Заң жобасы «Әкімшілік құ­қық бұ­­зушылық туралы» ҚР кодексі мен ал­ты заң­ға өзгерістер мен толық­тырулар ен­гізуді көздейді.

Соңғы жаңалықтар