Халық бұрын Ұлыс келе жатқанын қайдан білген - ғалымдар Наурыз мейрамы туралы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Наурыз тек күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулыға жан бітетін мейрам ғана емес. Бұл бірлік пен еңбектің, мейірім мен ізгіліктің, достық пен татулықтың мерекесі.

ҚазАқпарат тілшісіне бірқатар ғалым Наурыз мейрамының шығу тарихы мен оның маңызы туралы айтып берді.

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының өнертану докторы, профессор Гүлзада Омарованың айтуынша, Ұлыстың ұлы күнін, яғни Жаңа жылды қазақ елі ежелгі замандардан бері тойлап келеді.

«Шәкәрім Құдайбердіұлының айтуынша, «Наурыз» атауы көшпелі ортаға шекаралас жатқан егіншілік оазистерінен келген. Ал көшпелі түркі ортасында Жаңа жылдың алғашқы күні «Ұлыс» деп аталған. «Ескі қазақта (ескі түрікте) Жаңа жыл күнінің аты – Ұлыс». Ұлысты Жаңа жылдың басы ретінде қазақтар мен Орталық Азияның көшпелі халықтарында көктемгі күн мен түннің теңелу күнімен байланыстырған.

Сондай-ақ Наурызды тойлау дәстүрінен көрініп тұрғандай, ол табиғаттың оянуының, оның жаңаруының, «өмірдің» (көктем, жылы) «өлімге» (қыс, суық) құратын салтанатының басталуы ретінде аталып өтетін. Бұл мереке құнарлылық пен Күнге табынуымен байланысты болды және тек ауыл шаруашылық дақылдарына ғана емес, сонымен қатар мал шаруашылығына да қатысты. Сондықтан да осы күні қазақтардың «Мал-жан аман ба?», деп сәлемдесуі дәстүрге айналған»,- дейді Гүлзада Омарова.


Өнертанушы Қызыр ата туралы мифологиялық түсінікке де тоқталды.

«Қазақтарда Күнге табынуды көктемгі күн мен түннің теңелу күніне қараған түні - Жерге келіп жылу мен жарық әкелетін Қызыр ата туралы мифологиялық түсініктер айқындайды. Сол себепті бір күн бұрын, үйлерді аластап (отпен тазарту рәсімі), қоқыстан тазартып, барлық жамандықтан арылған («Көш, Қайрақан, көш!»). Адамдар түнімен ұйықтамай, дұға тілеп, Қыдыр атаны қарсы алған. Ал таңертең Жаңа күннің келуін жіберіп алмауға және оны қарсы алуға тырысқан.

Халық Ұлыстың келе жатқанын қалай білген? Қазір, әрине бізде күнтізбелер бар және Жаңа жылдың нақты қашан басталуын білеміз. Ал бұрын дәстүрлі мәдениеттерде бұл астрономиялық бақылаулар мен жұлдыздардың және аспан нысандарының қозғалысымен байланысты болған. Бұл бізге жыл мезгілдерінің өзгеруін ғана емес, айларды, күндерді және тіпті сағаттарды да дәл есептеуге мүмкіндік берді»,-дейді ол.

Көшпелі қазақтардың тәңірлік күнтізбесін зерттеген А.И. Мұхамбетованың деректері бойынша, бұл күнтізбедегі тәулік уақыты бойынша уақыт есебі – бұл шағын уақыт циклы, айлар бойынша – бұл орташа цикл (12 ай), жылдар бойынша – үлкен цикл. Көшпендінің өмірінде 12 жыл кезеңін құрайтын үлкен цикл ең маңызды мәнге ие болды. Ол көшпенділерде өндірістік қана емес, сонымен қатар өмір циклінің оңтайлы уақыт координатын құрады.

Тағы бір қазақстандық ғалым А. Тоқтабай өзінің «Наурыз» атты мақаласында қазақтарда «Ұлыстың» басталу уақытының феноменін зерттей келе, көктем мен көктемгі күн мен түннің теңелуі Үркер шоқжұлдызының қозғалысымен байланысты екенін айтады.

«Осының нәтижесінде, Қазақстанның түрлі өңірлерінде Ұлыстың ұлы күні бірдей басталмайды. Бүгінде Наурыз мерекесі қарсаңында 14-15 наурызда көрісу тойланса (батыс өңірлердегідей), оңтүстік өңірлер үшін бұл сәл кешеуілдеу болады. Қазір біз Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлауда көктемгі күн мен түннің теңелу күнтізбесін негізге аламыз. Осы ретте бұл дәстүрді болашақ ұрпаққа насихаттап, олардың бойына сіңіруіміз керек»,-дейді профессор.

Өз кезегінде, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, ХАА академигі Меңдіғаным Шаймерденова Наурызды Персия елі жүздеген жылдар бұрын б.з.д. X-IX ғасырларда, яғни отқа табыну дәуірінде тойлай бастағанын айтты.

«Көктемгі Наурыз мейрамы Шығыс мұсылмандары арасында ежелден тойланып келеді және әрқашан ең маңызды мереке болып саналады. Алғашқылардың бірі болып Наурызды Персия елі жүздеген жылдар бұрын б.з.д. X-IX ғасырларда, яғни отқа табыну дәуірінде тойлай бастаған. Уақыт өте келе аталмыш мерекені Орталық Азияның түріктері қабылдап, бүгінгі таңда барша мұсылман жұртшылығының ортақ Жаңа жыл мерекесіне айналды. Наурыз пайғамбар Әлидің құрметіне мереке деп аталды, ал 22 наурызда қазақтар әкелген қайырымдылық сыйлықтар Мұхаммед пайғамбардың туған күніне орай құрбандық ретінде саналды. Наурыз мейрамының идеялық бастаулары халықтық дәстүрлермен және әдет-ғұрыптармен байланысты болды. Сонымен қатар ежелгі әдебиет ескерткіштерінен, қасиетті мәтіндерден, шығыс ойшылдардың шығармаларынан көрініс тапты»,-дейді Меңдіғаным Шаймерденова.


Оның айтуынша, қазақтың әйгілі ақыны және жазушысы, кинорежиссер, қазақ дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының білгірі Бақыт Қайырбеков Наурызды - «ежелгі адамның поэтикалық көзқарастарының шоғырлануы мен әлі күнге дейін көптеген ұрпақ үшін даналық пен әдеміліктің стандарты болып қала береді»,- деп санайды.

«Қазіргі таңда Наурыз мейрамы барлық этностар арасындағы достық пен бейбітшілікті, халықтар арасындағы өзара келісімді нығайтуда, мемлекеттегі саяси тұрақтылықты нығайтуда маңызды рөл атқарады. Мұның бәрі ежелгі Наурыз мейрамы көне дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың сабақтастығын сақтай отырып, Қазақстанның қазіргі өміріне үйлесімді түрде ауысқандығымен байланысты»,- деп атап өтті ол.

Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, ХАА академигі Әлия Әлімжанованың пікірінше, Наурыз мейрамы осы уақытқа дейін өзінің ұлылығы мен әлеуметтік маңызын жоғалтқан жоқ.

«Бес мыңжылдықты қамтитын әлемдік мәдениет тарихындағы ең ежелгі, қазақ халқының салт-дәстүрінің құрметті мерекелерінің бірі - Наурыз мейрамы. Наурыз мерекесі осы уақытқа дейін өзінің ұлылығы мен әлеуметтік маңызын жоғалтқан жоқ. Ол ең танымал жалпыұлттық мерекенің бірі. Қазақстанның барлық халықтары, ұлтына және дініне қарамастан, Наурыз мейрамын асыға күтіп қуанышпен қарсы алады.

Наурыз мерекесі біртіндеп жаңа рухани-этикалық мәнге ие бола бастады. Қазақстан Тәуелсіздігін алған кезде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің 1991 жылғы 15 наурыздағы «Көктемнің ұлттық мейрамы - Наурыз мейрамы туралы» Жарлығымен мереке ақыры ресми мәртебеге ие болды. Сонымен бірге қоғамдық резонанс тудырды. Қазақ халқы өзінің сүйікті мейрамы - Наурыз мейрамын танып, ұлттық мереке ғана емес, ресми және мемлекеттік мерекеге айналуын жарты ғасырдан астам күтуіне тура келді»,- дейді Әлия Әлімжанова .


Соңғы жаңалықтар