Халық білім ғана дағдарысқа ұшырамайтынын түсінді - Ырысбек Мәуіт

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осыдан 6 жыл бұрын елордада Zerdeli ақыл-ой дамыту орталығының негізі қаланды. Уақыт өте келе орталық үлкен мектепке айналды. Оның басқа мектептерден бірнеше ерекшелігі бар екенін еститінбіз. Осыны мектеп директоры Ырысбек Мәуіттің өзінен сұрап білдік.

- Коронавирус індетіне байланысты шектеулер барлық салаларға өзінің кері әсерін тигізгені белгілі. Жаңа рижімде жұмыстарыңызды қалай ұйымдастырдыңыздар?

– Елордадағы 6 Zerdeli мектебінде 140 мұғалім жұмыс істейді. Олар карантинге дейін 2 мың балаға сабақ берді. Карантин жарияланған кезде 800 оқушыны онлайн оқытты. Жалпы, пандемия білім беру жүйесіне кері әсер етті. Отандық білім жүйесі білім берудің қазіргі тәсіліне дайын болмады.

Біз онлайн білім беру жүйесіне осыдан 2 жыл бұрын көштік. Себебі «Отандастар» қорымен бірлесіп, әлем қазақтарына қазақ тілінен онлайн дәріс оқыдық. Жобаны жүзеге асыру үшін шетелден арнайы студия сатып алып, онлайн сабақ бердік. Елімізде карантин басталған кезде біз осыған дейін қолданған тәсілімізге жүгіндік. Яғни басқа білім беру мекемелері сияқты қиналған жоқпыз.


- Бала тәрбиесінде ер мұғалімдердің рөлі жоғары екенін мамандар жиі айтып жүр. Алайда, жоғары оқу орнын тәмамдаған ерлердің көбі мектепте жұмыс істеуге бара бермейтіні белгілі. Сіздер осы мәселені қалай шешіп жүрсіздер?

- Орталық болып құрылған кезде елордадағы мықты математиктердің басын біріктіріп, оқушыларға тек математика бойынша ғана сабақ бердік. Кейін сұранысқа байланысты қызмет көрсету аясын кеңейтіп, шет тілдері мен басқа пәндерді қостық. Өзіңіз білесіз, білім саласында ер адамдар өте аз. Біз оларды іздеп тауып, негізгі жұмыстан бөлек, қосымша табыс табуға, мықты шәкірт тәрбиелеуге және шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бердік. Мұғалім мамандығын оқып шыққан ер адамдардың басым бөлігі шәкірт тәрбиелеуден бас тартып, басқа салаға бет бұрып жатқанын байқап жүрміз.

Сәйкесінше, мектептегі ер мұғалімдердің үлесі өте аз. Бұл тұрғыда атап өтетін жайт - ер мұғалімдердің басым көпшілігі жүйке жұқартатын қағазбастылық жұмыстарынан аулақ жүреді. Жалпы, отбасын асырау үшін оқу орнынан тыс жерде қомақтылау ақшаға жұмыс істеуге тырысады. Қазіргі жағдайға тоқталсақ, балалар үйде де, мектепте де әйел адамның тәрбиесін көреді.


Бала ер адамның да тәрбиесін алса, оның мінез-құлқын, тәртіпті түсінетін ұрпақ қалыптасады. Осы орайда біраз жыл бұрын елордада ақыл-ой дамыту орталығының негізін қалаған кезімізде мақсатты түрде математикадан сабақ беретін ер мұғалімдерді іздедік. Бұл тұрғыда олардан қағазбастылық жұмыстарын талап етпедік. Сонымен қатар, әлеуметтік мәселелеріне назар аударып, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бердік. Мұғалімдеріміз шәкірт тәрбиелеп, қазақ тілінде кітап жазды. Атап айтқанда, нәтиже болды.

Биыл Назарбаев университетіне 21 шәкіртіміз түсті. Жыл сайын аталмыш жоғары орнына шамамен 700 бала қабылданады.

- Жекеменшік мектепке қатысты қоғамда түрлі пікір айтылады. Осы саланы жақсы меңгерген маман ретінде түсінік берсеңіз...

– Ел арасында: «Орта білім беру мекемелері оқушыларға дұрыс білім бере алмайды, егер, олар сапалы білім берсе, жекеменшік білім беру орталықтары мен мектептер болмас еді» деген ұшқары пікір бар. Негізі, жекеменшік білім беру орталықтары мен мектептер әлемнің кез келген елінен табылады. Жекеменшік мектеп Кореяда да бар. Бұл елдегі оқушылардың 70 пайызы түрлі үйірмелерге қатысады. Осыған қарап Кореяның мектептері сапасыз білім береді деп айта алмаймыз ғой. Себебі бұл елде білімге ерекше назар аударылатынын жақсы білеміз. Бұл жағдайда біз 2 факторды ескеруміз керек. Біріншісі, мектепте бала көп. Үш ауысыммен оқитын мектептер бар. Ұстаздардың жүктемесі көп, жалақысы аз. Екіншісі, халық білімді ұрпақ қана жетістікке жететінін, білім ғана дағдарысқа ұшырамайтынын түсінді. Сондықтан жекеменшік білім беру орталықтары мен мектептердің қызметіне жүгіне бастады. Бұл жағдай елімізде білім нашар болғандықтан емес, халықтың білім алуға деген құштарлығы оянғаннан болып жатыр. Бұған қуанбасақ, ренжуге болмайды. Бұл – менің жеке пікірім.
Соңғы жаңалықтар