«Халық барысы» жеңімпазына 9 млн теңге беріледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешенінде өтетін белдесуден II «Халық барысы» республикалық турнирі туралы баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 25-26 мамырда қазақ күресінің бір түрі - белдесуден республикалық турнирі өтеді. Биыл 20 млн жүлде қоры үшін күресуге Қазақстанның барлық өңірінен 1000-ға жуық балуан қатыспақ.

Екінші рет өткелі отырған турнир «Рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру мақсатында ұмыт қалған көне «белдесу» спорт түрін қайта жаңғырту, ұлттық спортты насихаттау, спорттық салт-дәстүрді сақтау мақсатында ұйымдастырылады.

«2018 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде белдесу ұлттық спорт түрі ретінде танылды. Былтыр бірінші турнирде көрермендеріміз аз болғандықтан, олардың саны тиісті дәрежеге жетеді деген мақсатпен көрермендер арасында автокөлік ойнатылуы - биылғы турнирдің басты ерекшелігі. Сондай-ақ, жаттықтырушыларға арнайы сыйақы тағайындалып отыр. Жарысқа 18 бен 50 жас аралығындағы салмағы 70 келіден асатын Қазақстанның азаматы қатыса алады», - деді ҚР Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бақдәулет Сәбитов.

Жарыс Қазақ күресі федерациясы бекіткен ережелерге сәйкес және олимпиадалық жүйе бойынша өткізіледі.

«Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының атқарушы директоры Жанарбек Атығаев мәлімдегендей, жеңімпаз 9 млн теңге, жаттықтырушы 1 млн теңге сыйақы алмақ. II орын иегері 4,5 млн теңге, жаттықтырушы 500 мың теңге, ал III орын иегері 2,7 млн теңге, жаттықтырушы 300 мың теңге көлемінде сыйақы алады.

«Біздің мақсатымыз - ұлттық спортты әлемге таныту. 126 млн халқы бар Жапонияның 30%-ы дзюдомен айналысса, 56 млн халқы бар Кореяның 15% таеквондомен айналысады. Ал, белдесу мен қазақ күресімен айналысатындардың саны 5%-ға да жетпейтіні өкінішті. Сол себепті, ұлттық спорт түрлерін 2021 жылға дейін мектеп бағдарламасына қосып, әлемге дамытуды мақсат етіп отырмыз», - деді тұңғыш «Халық барысы» Мақсат Қиқымов.

Халық арасынан шығатын «Барысты» анықтау шарасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Қазақ күресі федерациясы және «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастыруда.

Соңғы жаңалықтар