Halyk bank қазақстандық криптовалюта туралы қауесетке түсініктеме берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық қаржы институттары «отандық» криптовалюта туралы ақпаратты растамады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Halykcoin валютасы шыққаны туралы ақпарат хат түрінде электронды пошталарға бүгін таңертең келді. Хабарламада жаңа құралдың сенімділігі мен қауіпсіздігі айтылған болатын.

Ақиқатын ҚР Ұлттық банкіне хабарласып білдік.

«Ұлттық банкте тіркеуден өткен жоқ. Бұл ұйым Халық банкіне кіре ме жоқ па, Халық банкінен хабарласып біліңіздер», - деді ҚР Ұлттық банкі қаржылық қызметті тұтынушылардың құқығын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Александр Терентьев.

Halyk bankтің өзінде бұл қауесетті жоққа шығарды. Банктің мұндай өнімге ешқандай қатысы жоқ.

«Банк мұндай криптовалютаның атауында Halyk брендін пайдалануға жол бермейді. Бұл өнімнің сенімділігіне, қауіпсіздігіне қатысты ешқандай ақпарат бере алмайды. www.halykcoin.org интернет-ресурсы белгісіз адамның атына жазылған. Сондықтан, бұл жобаның мөлдірлігі күмән тудырады. Функционалдың көпшілігі жұмыс жасамайды. Сондықтан, бұл алаяқтыққа ұқсайды», - деді банк өкілдері.

Қаржы институты Halyk/Халык банк маркасы алаяқтық мақсатында пайдаланылған болса банк өкілдері құқық қорғау органдарына хабарлауға әзір.

Қаржылық институттар криптовалюталарға қаржы салуда сақтық көрсетуге кеңес беріп отыр. Ең алдымен криптовалюталар нақты активтермен кепілдендірілмеген, Қазақстан аумағында криптовалюта айналымы заңмен белгіленбегендігін алға тартты.

Соңғы жаңалықтар