«Халық арна» діни-ағартушылық бағытқа басымдық береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Асыл арнаның» контенті «Халық арнаға» толық тапсырылады. Осыған орай тірнектеп жинаған архивін «Халық арнаға» беретін Мұхаметжан Тазабековке ризамыз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхаметжан Тазабеков осы туралы ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің отырысына келіп мәлімдеді. Тірнектеп жинаған контенттік архивін «Халық арнаға» толық тапсыратынын айтты. Мұхаметжанға осындай кемеңгерлік көрсеткені үшін ризамыз», - дейді ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров.

Сондай-ақ, «Халық арна» телеарнасының Бас директоры Нұржан Дарқұлов арнадан қандай бағдарламалар көрсетілетіні туралы айтты.

«Бұл ҚМДБ-ның арнасы болғандықтан, негізгі басымдылық діни-ағартушылық бағытқа жұмсалады. Сонымен қатар, дәстүр құндылықтарын, тарих, мәдениет, дін мен дәстүр сабақтасқан, қабысқан мазмұндағы бағдарламалар болады. Сонымен қатар, бұл арнадан ұлт аспаптар оркестірінің концерттері, рухани кештер де көрсетіледі. Бұл - діни, мәдени, рухани, тарихи бағыттағы арна деуге болады», - дейді Нұржан Таласұлы.

Еске сала кетсек, бұған дейін имамдар форумында ҚМДБ қызметіне жаңа серпін беретін тұжырымдалық құжаттар қабылданғаны туралы жаздық.



Соңғы жаңалықтар