Халал сертификаты қалай беріледі

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - «Халал» белгісі шариғат талаптарына сай сапа әрі бренд болып қалыптасып келеді. Бұл туралы ҚМДБ жанындағы «Халал Даму» ЖШС директорының орынбасары Әнуар Елжанов ҚазАқпарат тілшісіне айтты.

Бүгінде елімізде «халал» өнімдердің саудасы қызып тұр. Алайда, тұтынушылардың көбі адал асқа күмәнмен қарап, толықтай сенім білдіре алмай отыр. Өнімдерге сертификатты ҚМБД жанындағы «Халал Даму» ЖШС береді. «Халал» сертификатының қаншалықты күші бар? Бұл туралы Әнуар Елжанов пен тақырыпты тарқатып көрген едік...

- Әнуар Елжанұлы, «Халал» сертификаты талғап жейтін асымыздың атауын ақтай ала ма? Тәуекел деп тұтына беруге бола ма?

- Әрине.Біздің ұйым сертификаты 1 жылға жарамды. Ұсынылған өнімдер зертханада тексеріліп, қорытындысы дұрыс деп танылса, сертификат беріледі. Компанияны жыл бойы бақылаусыз қалдырмаймыз. Жағдайына байланысты кей өндірісті ай сайын, кейбірін екі айда бір тексереміз. Бақылаушыларымыз арнайы барып қоймалар мен тоңазытқыштарды тексереді. Күмәнді жағдай болса бірден хабар алып, уақытылы шаралар қолданамыз. Келісілген меморандумға сай, кез келген уақытта маркеттерден олардың өнімдерін сатып алып, оны зертханаға жіберуге құқылымыз.

- «Харам» дегенде доңыз еті мен арақ елестейді. Исламда «қара тізімге» бұлардан басқа не кіреді?

- Доңыздан бөлек, өлексе, Алланың аты айтылмай сойылса, ет те харам болады. Көбіне кемшілік еттен кетіп жатады. Сондықтан малдың сойылу процесін, тасымалдануын бақылап, әрбір партиясын тексеріп отырамыз. «Халал» сертификатын алуға ниет білдірген ет сатушылардың қасапшыларымен танысамыз. Оның өзіне міндеттелген шарттарды толық білетіндігін тексереміз. Мал бауыздайтын орынды көріп, шариғат талаптарына сай сойылуын қадағалаймыз. Малды ұрмау, соқпау, жәбірлемеу, бір малды екінші мал көрмеу, шариғи тазалық жағынан қойылатын талаптарды қасапханаларда түсіндіреміз.

Өсімдік қанынан алынатын Е-20 деген табиғи бояу да дінімізде харам. Оның йогурт, сүт өнімдері, кондитерлік өнімдері, сусындар құрамында болмауын жіті қадағалаймыз. Желатин немесе құрамында желатин бар өнімдер бар. Желатин доңыздан да адал малдан да алынады. Адал мал болған күнде ол мал шариғат талаптарына сай сойылмауы мүмкін. Көрдіңіз бе, осы жағы күмәнді. Алдымен осыны анықтап алу керек.

- Адал тағамға сұраныс артып отырғанын ескерсек, «Халал» сертификатын иеленген компаниялардың бұдан кейінгі саудасы қыза түсетін болар?

- Дұрыс айтасыз, біздің сертификатты иеленген компаниялардың ешқайсысы арызданып келген емес. Саудамыз күрт төмендеп кетті дегенді емес, керісінше, кәсібі дөңгелеп, клиенті көбейіп жатқанын естиміз.

- Маркетингтік астары да бар ғой мұның? «Халал» ас өндіретін қанша компания бар елімізде?

- Әрине, бұл өзі осыған келе жатыр. «Халал» дегеніміз бір жағынан шариғат талаптарына сай сапа әрі бренд болып қалыптасып келеді. Қазақстан бойынша 200-ге жуық компания біздің сертификатқа ие, оның ішінде 80-і осы Алматыда орналасқан. Бұлар - ет, сүт, жарма, кондитерлік өнімдер, қоғамдық тамақтанатын орындар мен дәрі-дәрмек өндіретін компаниялар . Олардың толық тізімі сайтымызда көрсетілген.

- Қоғамдық тамақтану орындарындарындағы қызмет қалай бақыланады?

- Асханаларда қандай шұжық, тауық еті пайдаланылып жатқанын тексереміз. Ол өнімдер біздің «халал» сертификатын алуы керек. «Алтын орда» базарынан ет таситын дәмханаларды халал қасапханалармен жолықтырып, серіктестікке шақырамыз. Қоғамдық тамақтану орындарына біздің сертификатты алған өнімдерді пайдалануға кеңес береміз.

- «Халал» логотипін рұқсатсыз пайдаланатын өндірушілер бар шығар?

- Иә, «халал» белгісіне қызығып, өнімдеріне рұқсатсыз жапсырғандар болды. Оларды анықтап, дер кезінде мәселені шештік. Болашақта арнайы мобильді қосымшалар жасалады. Олардың көмегімен «Халал» тамақтану орындарын, өнімдердің атауын анықтауға болады. Әзірге сертификат иелерінің тізімін сайттан қарап және сенім телефондарына хабарласу арқылы білуге болады.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Соңғы жаңалықтар