Хабиб Нурмагомедов пен оның бапкері Нұрлан Ноғаевтың қабылдауында болды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедовпен және оның бапкері, еркін күрестен КСРО спорт шебері, РФ еңбегі сіңген бапкері Абдулманап Нурмагомедовпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемге әйгілі спортшылар Атырауға GFC 17 және Jaýynger бірлескен турнирінің құрметті қонақтары ретінде келді.

«Қай жерде де сіздерді көргісі келіп, күтетіндер көп. Бұл – үлкен құрмет, мәртебе, ерен еңбек, қажыр-қайраттың нәтижесі. Абдулманап Магомедович, алдымен, әке ретінде және бапкер ретінде бұл сіздің еңбегіңіз, сіздің жеңісіңіз. Әрбір ата-ана өзінің балаларының үздік болғанын, мақталғанын, сонымен қатар адамшылық қасиеттерін сақтағанын қалайды.Сіз осыған қол жеткізіп отырсыз. Хабиб сынды ұл тәрбиелеп өсірдіңіз, басқа да жастарға тәрбие беріп отырсыз. Бұл – өзгеге өнеге. Сізге ризашылығымды білдіремін», - деді Нұрлан Ноғаев.

Өңір басшысы спортқа соның ішінде, ұлттық спорт түрлеріне зор көңіл бөлініп отырғанын, спорт адамның ең жақсы қасиеттерін шыңдайтынын атап өтті.

«Өмір деген күрес, әр адам күн сайын түрлі қиындықтарға ұшырап отырады. Оларды жеңу үшін рухани қуат қажет. Хабибті құттықтап өтейін. Сіз өткізген жекпе-жектердің ешқайсысы да оңай болған жоқ. Ешкім де жеңілгісі келмейді, әркім-ақ жеңемін деген мақсатпен шығады. Жеңіске деген жігеріңіздің арқасында жеңімпаз болып жүрсіз. Алдағы уақытта да жаңа табыстар, жеңістер тілеймін. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп нәрседен бас тартып, қатаң тәртіпті ұстану қажет», - деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Хабиб Нурмагомедов атыраулық шеберлер атақты спортшылардан еш кем түспейтінін айтып өтті.

«Бізге бірнеше жыл бойы Атыраудан келіп, бірге жаттығып жүрген спортшылар бар. Бүгін шаршы алаңға шығатын жігіттердің барлығын дерлік танимыз. Шын мәнінде, сіздерде спорт жақсы дамыған. Жалпы, Қазақстанда спортқа деген соның ішінде, спорттың жауынгерлік түрлеріне деген үлкен ынта байқалады», - деді Х. Нурмагомедов.

Ал Абдулманап Нурмагомедов Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа ұлының үлкен жекпе-жектердегі құпиясын ашып, қазақстандық спортшылар туралы пікірін білдірді.

«Мен сізге бір құпияны ашайын: ұлым торға кіріп, таныстыру рәсімі болғаннан кейін дәл жекпе-жек басталар алдында маған жақындап, күлімсіреп: «Әке, қобалжып тұрсың ба?», - деп сұрайды. Әрине, қобалжимын. Өзің әке болып, ұлың осындай тордың ішінде күрескенде қандай күйде болар екенсің деген ой келеді«, - деп сыр шертті атақты бапкер.

»Еркін күрестен Әлем чемпионаты өткенде Қазақстан Ресейден кейін екінші орын алған болатын. Шынымды айтсам, Қазақстан еркін күрестен бесінші, алтыншы орын алар деп ойлағанмым. Бокстан мықты екенін, үздік үштіктің қатарына кіретінін білемін ғой. Ал, бұл жағдайда мен таңданып қалдым. Демек, сіздерде жақсы перспектива бар. Спорт жоғары деңгейде дамыған. Басшылық үлкен көңіл бөліп отыр. Өте талантты жастар бар, бапкерлік құрамның деңгейі жоғары«, - деді Абдулманап Нурмагомедов.

Еске сала кетейік, Атырауда 25-27 қыркүйек күндері «Zhastar Sport Fest» спорт фестивалі өтіп жатыр. Бұқара халық арасында спортты насихаттауға арналған жобаның аясында көптеген спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Хабиб Нурмагомедов, Абдулманап Нурмагомедов, Ислам Махачев, Забайра Тухугов сияқты жекпе-жектің танымал шеберлері, Олимпиада чемпиондары Роман Власов, Тагир Хайбуллаев, белгілі қазақстандық спортшылар Максим Раков, Сергей Морозов, Дамир Исмагулов, Шавхат Рахмонов шараға құрметті қонақтар ретінде шақырылды. Үш күндік фестиваль 27 қыркүйекте «Gorilla Fighting Champioship 17» әлемдік турнирімен аяқталады.

Бұған дейін Абдулманап Нурмагомедов атыраулық жастармен кездескенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар