«Хабар» арнасы Мейрамбек Беспаев түскен телехикаяны көрсетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Хабар» телеарнасы көрермендеріне ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты суреттейтін жаңа картина ұсынады. Қаңтар айынан бастап көрсетілетін комедия «Келінжан» деп аталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Картинаның оқиға желісі бойынша Күлімхан апаның үш ұл, бір қызы бар. Ұлдардың кенжесі үйге келін алып келеді.  Қалада өскен Асылым есімді ару ауыл өміріне үйреніп, енесіне ұнағысы келеді. Алайда Күлімхан апайдың мінезі ауыр, мұны ауылдағы әр адам біледі. Сондықтан болар оған ешкім жақпайды, келіндерінің бірі де қатал ененің көңілінен шықпайды. Сондай күндердің бірінде Күлімхан апаның өз қызы тұрмысқа шығады. Қызы өзге үйдің түтінін түтетіп, келін атанған кезде қатал ененің көзқарасы өзгере бастайды.

«Біз келіннің образы арқылы ененің мәртебесін көрсету немесе ененің келінге қатты болуы арқылы келіннің ез болып жүргенін көрсетуді мақсат етпедік. Бұл жерде әрқайсысының өз рөлі, себебі бар. Ененің сондай болуына не әсер етті, неге біздің енелеріміз қатал, неге біздің келіндеріміз сондай деген сұрақтарға жауап береміз. Келіспейтіндерде болуы мүмкін, бірақ әр адам өзін көреді. Мен оған сенімдімін, өйкені мен күнделікті көріп жүрген дүниелерді жаздым», - дейді картинаның продюсері Гүлнұр Мамасарипова.

Телесериалда белгілі актерлермен қатар жас, актерлік жолды енді ғана бастағандар бар. Күлімхан апаның рөлін - Лейло Бекназар Ханинга ойнайды. Продюсердің айтуынша дәл осы кейіпкерді ұзақ іздеген, алайды өзі танитын, бұған дейін жұмыс істеген актрисаны таңдапты. Естеріңізде болса, Лейло Бекназар Ханинга бұған дейін «Хабар» телеарнасында көрсетілген «Ана жүрегі» телесериалында басты рөлді сомдаған еді.
null 

 «Күлімхан - менің кейіпкерім, әрбір ауылда болатын ана, ене. Қазақтың өзіндік дәстүрлері бар, бұл ана мен бала арасындағы, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, ене мен келін арасындағы қазақы дәстүрлер, соның барлығы осы жерде көрінеді. Қазақта келін алса оны үй қызметшісі етіп салып қояды деп айтып жатады, бірақ біз  (енелер) мұны ол жаман болсын деп айтпаймыз ғой. Ене ешқашан өз баласы алып келген келін жаман болсын деп ойламайды, оны өз қызындай бауырына басады, бірақ  әр жанұяның өз дәстүрі бар, соған ақырындап үйрету керек. Сол отбасыға тарту керек, сол жағынан қызықты болады деп ойлаймын», - дейді Лейло Бекназар Ханинга өз образы жайлы.

Сонымен қатар картинадан Рүстем Жанаманов, Назар Сұлтанбаев, Дариға Бадықова, Нұргүл Мыңбаева, Дәулет Өсербаев, Сара Амангелді сынды актерлерді де көресіздер.

«Бізде үш абысын бар. Абысынның үлкенін Дариға Бадықова ойнайды. Дариғаның өз ампуласы бар, көрерменге жақсы таныс актриса. Ортаншы абысын Нұргүл Мыңбаева. Оның бұған дейінгі жұмыстарын қарап шықтық. Ал кішкентай келін, қалада өскен қызды Сара Амангелді ойнайды. Шаңырақтағы үш ұлдың үлкенін Рүстем Жанаманов, ортаншы ұлды Назар Сұлтанбаев ойнайды. Назар бұған дейін Қарасай батырды ойнады. Екі сериал екі түрлі, бұл бір қызық болайын деп тұр. Кішкентай ұлды, дебютант, ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Дәулет Өсербаев сомдайды», - дейді Гүлнұр Мамасарипова.
null 

Тағы сериалдың бір эпизодында Мейрамбек Беспаевты ауыл музыканты ретінде ойнайды. Жалпы фильм қарапайым қазақстандықтардың кез келгеніне таныс, қызықты, жылы болады дейді шығармашылық топ. Ал, ене мен келіндер арасындағы оқиғалардың қалай аяқталарын қаңтар айында «Хабар» телеарнасынан тамашалаңыздар. 

null null 

Соңғы жаңалықтар