«Хабар» агенттігіне – 25 жыл

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін мемлекеттік ақпарат саясатының сенімді хабар таратушы құқығын иеленген «Хабар» агенттігіне 25 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Хабар» ұлттық телевизиялық ақпараттық агенттігінің брендімен алғашқы жаңалықтар топтамасы 1994 жылы эфирге шықты. Алғашқы күннен бастап-ақ «Хабар» ҰТАА жаңалықтары теңдессіз танымалдыққа ие. Агенттік ұжымы алдына мақсат қоя білетін әрі жалынды жастардан құралған телевизиядағы ең жас команда болды.

1995 жылы 23 қазанда Үкімет қаулысымен «Хабар» Агенттігі республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. «Хабар» Агенттігі» РМК-нің бас директоры болып Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева сайланды. Телекомпания құрылғаннан бастап, алдымен аймақтық, содан кейін шетелдік ақпараттық желі құру жұмысы алда тұрды. 1996 жылдың аяғына қарай Ақмола, Қарағанды, Семей қалаларында тілшілер қосыны ашылды. Бүгінгі таңда 14 өңірде тілшілер қосыны жұмыс істеуде.

1996 жылы қазақстандық телевизия тарихының дамуында алғаш рет «Хабар» агенттігі телехикая түсіруді бастап, 90-жылдардағы көрермен үшін танымал жанрды қолға алды. «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясының 465 сериясын түсіріп, эфирге шығарды. Аталған телехикаяның актерлері ерекше танымалдыққа ие болды.

Алғашқы спорт жаңалықтары «Хабарда» жеке айдар ретінде эфирге 1997 жылы шықты. 2002 жылы «Хабар» агенттігі Пусанда өткен Азия ойындарына спорт журналистерін аккредитациядан өткізді. Сол уақыттан бері 4 жыл сайын ұйымдастырылатын континентальды жарыстарда «Хабар» агенттігінің спорт журналистерінің ұжымы жұмыс істейді. Ұзақ уақыт бойы Олимпиада ойындарына Қазақстанның атынан баратын жалғыз телеарна болды: Бейжіңде (2008 ж.), Ванкуверде (2010 ж.), Лондонда (2012 ж) агенттік тілшілері спорт жаңалықтарын жеткізді. Тек Сочиде (2012 ж.) басқа қазақстандық телеарналардың спорт комментаторлары қосылды.

Телеарнаның ақпараттық қызметі инновацияларды, оның ішінде онлайн-қосылым, breaking news, телекөпірлерді белсенді қолдана бастады: Кәсіби телевизиялық техниканың көп бөлігі қазақстандық тележурналистика тарихында алғаш рет қолданылды. 1998 жылы «Хабар» live режимі бойынша «Мир» ғарыш стансасынан тікелей эфирге шықты. Талғат Мұсабаевтың орындауындағы «Көзімнің қарасы» әні «Хабардың» көрермені үшін ғарыштан тікелей эфирде естілді.

«Хабар» өзінің ширек ғасырлық ғұмырында журналистиканың «нақты, жедел әрі шынайы» дейтін үш қағидасынан ауытқыған емес. Әсіресе елдің саяси өмірінен ақпарат таратуда телекомпанияға жүктелген жауапкершілік зор. 2005 жылдың көктемінде телеарнаның жаңалықтар қызметінде маңызды өзгеріс болды. Алғаш рет ресми түрде президенттік пул құрылды. Яғни тек Президенттің қызметін жариялайтын журналистер тобы жасақталды. Ал сол уақытқа дейін Президент пулы деген ұғым қазақ телевизиясында болған емес. Мемлекет басшысының қызметін жариялауға журналистердің бәрі бірдей жұмылатын. Олардың ішінде Майра Қабиева, Тілеуқабыл Мыңжасаров, Мақат Садық секілді «Хабардың» ардагерлері де бар. Бірақ ресми құрылған президенттік пулдың алғашқы қазақтілді журналисі – Бейсен Құранбек болатын.

Бүгінгі «Хабар» агенттігі – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде хабар тарататын төрт телеарнаның басын қосқан телеотау. Олар: «Хабар» телеарнасы, «Kazakh TV» ұлттық спутниктік телеарнасы, тәулік бойы жұмыс істейтін «Хабар 24» ақпараттық телеарнасы мен «EL ARNA» киноканалы.


Соңғы жаңалықтар