«Хабар» агенттігі «Junior Eurovision 2022» ән байқауын тікелей эфирде көрсетеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Хабар» агенттігі «Junior Eurovision 2022» ән байқауын тікелей эфирде көрсетеді. Бұл туралы «Хабар» агенттігі АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Данияр Меңілбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалар арасында 20-рет өткелі отырған Еуровидение биыл Арменияда, осы елдің астанасы Ереван қаласында желтоқсан айында өтеді. Оның гранд-финалы осы жылы 11 желтоқсанға жоспарланып отыр. «Хабар» агенттігі осы іс-шараға қатысушы, оны ел аумағында көрсетуші, хабар таратушы ретінде ауқымды байқауды сол күні 21-00-де тікелей эфирден көрермен назарына ұсынады. Биылғы байқауға 16 елдің жас өнерпазы қатысады. Олар: Албания, Армения, Франция, Грузия, Ирландия, Италия, Мальта, Нидерланды, Солтүстік Македония, Польша, Португалия, Сербия, Испания, Ұлыбритания және Қазақстанның жас өнерпаздары. Олар 100 миллиондаған көрерменге өнерлерін паш етіп, бақ сынап, кім мықтыны анықтайды», - деді Данияр Меңілбеков Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Биыл аталған ән байқауында еліміздің намысын 12 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Давид Чарлин қорғайды. Ол биыл Ақтөбеде өткен «Baqytty Вala-2022» балалардың ашық вокалдық фестиваль-байқауына қатысқан болатын. Дәл осы байқауда ол ерекше көзге түсіп, Евровидениеге қатысу құрметіне ие болған еді.

Бүгінгі баспасөз мәслихатына Давид те қатысты.

«Музыкамен айналысып жүргеніме шамамен 3 жыл болған сияқты. Ал кәсіби тұрғыда соңғы 1 жыл айналысып келемін. Ұлтым – армян, бірақ, жан-жүрегім – қазақ. Барша Қазақстан халқынан қолдау күтемін», - деді ол.


Фото: esc-plus.com





Соңғы жаңалықтар