«Хабар 24» пен «Kazakh TV» телеарналары Ресейде көрсетілетін болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Хабар 24» пен «Kazakh TV» телеарналары Ресейде хабар тарату лицензиясына қол жеткізді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және комуникациялар министрі Дәурен Абаев Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, аталмыш шара ҚР Президенті тапсырмасы аясында жүзеге асырылған.

«Дүниежүзі Қазақтарының V құрылтайы аясында, біздің министрлікке нақты тапсырма берген Елбасы: «Шеттегі қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесу керек», - деген болатын. Яғни шет елдегі ағайынды отандық ақпаратпен қамтамасыз ету міндеті алға қойылды», - деп жазады Дәурен Абаев.

Жақында ғана «Хабар 24» пен «Kazakh TV» арналары Ресейде хабар тарату лицензиясына қол жеткізген.

«Көрші елдің теле нарығына ресми тіркелу үшін қажетті техникалық және құжаттық талаптардың қыруар шаруасы атқарылды. Бірнеше айға созылған, көптеген келіссөздердің нәтижесінде біз Ресей Федерациясының кабельдік операторымен бір мәмілеге келдік. «Хабар» агенттігінің ұжымына, осындай ауқымды істі жүзеге асырғандары үшін алғыс айтқым келеді», - деді министр.

Министр шекаралас аймақтарды мекендейтін қандастарымыз ел жаңалықтарын көргісі келетінін айтып министрлікке хат жолдағанын, осы арқылы алыстағы ағайынның өтініші орындалғанын атап өткен.

Дәурен Абаев «Хабар» агенттігі түсірген «Ана жүрегі» атты телехикаясы Өзбекстанның белгілі арналарының бірінде көрсетіліп жатқанын айта кетті.

«Өзбек телекомпаниясының өкілдері сериалдың жергілікті көрермен тарапынан жоғары сұранысқа ие болып отырғанын айтады. Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса береді», - деп жазды министр.

Соңғы жаңалықтар