«Хабар 24» директоры: Әлеуметтік желіден ақпарат жасыру мүмкін емес

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желінің қарқынды дамуы нәтижесінде қандай да бір сыни ақпаратты жасырып қалу мүмкін емес. Мұндай пікірді Әзербайжан астанасында өтіп жатқан Азия және Тынық мұхиты елдері ақпарат агенттіктері ұйымының 16-ші Бас ассамблеясы, Жаңалық агенттіктерінің дүниежүзілік 5-ші конгресі және ТМД мемлекеттері ақпарат агенттіктерінің басшылары кеңесінің 22-ші отырысында «Хабар 24» телеарнасының директоры Арман Сейітмамыт білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Бекбау Тайманов Бакуден.

«Барлығымыз да жаһандық әлемдеміз. Бір оқиға жайында түрлі дерек көздерінен ақпарат көп түскен сайын орын алған жайт барынша объективті бола түседі. Әлеуметтік желінің дамуының арқасында қандай да бір ақпаратты іс жүзінде жасырып қалу мүмкін емес. Тіпті, егерде қандай да бір дерек көзінен ақпарат алынғанымен әлеуметтік желіде адамдар бұл жайында басқаша жазатын болса, онда адамда күдік пайда болады», - деді ол.

Сонымен бірге Арман Сейітмамыт ақпарат әруақытта да объективті болуы керектігін, ал бұл кез келген тілшінің ұстанымы болуы тиістігін баса айтты. БАҚ өкілдерінің халықаралық деңгейдегі мұндай басқосулары өзге елдердегі әріптестерінен тәжірибе алуға септігін тигізетіндігін атап өтті.

«Түрлі елдердегі адамдарды, өзіңнің әріптестеріңді жете тани түскен сайын әлемді де барынша тани түсетін боласың», - деді телеарна директоры.

Естеріңізге сала кетейік, Бакуде Азия және Тынық мұхиты елдері ақпарат агенттіктері ұйымының 16-ші Бас ассамблеясы, Жаңалық агенттіктерінің дүниежүзілік 5-ші конгресі және ТМД мемлекеттері ақпарат агенттіктерінің басшылары кеңесінің 22-ші отырысы өтуде.

Соңғы жаңалықтар