Х халықаралық Еуразия кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бес күнге жалғасқан Х Еуразия кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды. Салтанатты марапаттау шарасы бүгін Республика сарайында өтті.

Фестивальдің бас жүлдесін израильдік режиссер Асаф Корманның «Онымен бірге» кинолентасы иемденді. Жеңімпазға жүлдені халық әртісі, режиссер Асанәлі Әшімов табыстады.

Қазылар алқасының арнайы жүлдесіне қазақстандық режиссер Ермек Шынарбаев пен француз актері Жерар Депардьенің біріккен жобасы «Дала даусы» лайық деп табылды.

Жүлдегерлер марапатты қазылар алқасының мүшесі Ли Чхан Дон мен Динара Бақтыбаеваның қолынан алды.

Салтанатты шарада «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев әлем киносының дамуына үлес қосқаны үшін француз режиссері Коста Гаврасты марапаттады.

«Үздік режисерлік жұмыс» ретінде режиссер Бенедикт Эрлингсстонның «Жылқылар мен адамдар туралы» (Исландия, Германия, Норвегия) туындысы танылса, «Мандариндер» фильмінің төрт актері үздік ер адам рөлін, ресейлік «Жұлдыз» фильмінде ойнаған Тина Далакишвили ең үздік әйел рөлін сомдағаны үшін марапатталды.

Фестиваль барысында ұсынылған фильмдерді негізгі қазылар алқасынан басқа кино сыншылардың Финпресси және Нетпак алқасы да жұмыс жасады. Олар бірауыздан ең үздік фильм ретінде қазақстандық режиссер Нариман Төребаевтың «Шым-шытырық оқиғалар» туындысын таныды.

Көрермен көзайымы атауына қазақстандық режиссер Рашид Сүлейменовтың «Үйге қайтар жол» фильмі лайық деп танылды.

Сонымен қатар, халықаралық фестивальді әлемдік деңгейде насихаттағаны үшін «Еуроньюс» агенттігінің тілшісі Вольфганг Шпинглер марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, Х Еуразия кинофестивалі Алматыда 15-19 қыркүйек аралығында өтті. Халықаралық кино майталмандарынан құралған қазылар назарына 30 елден 12 кинотуынды ұсынылды. Биылғы фестиваль қазақ киносының ардагері Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілді.

Соңғы жаңалықтар