Ғылыми зерттеу саласында университеттердің жауапкершілігі артады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өңірлердегі жоғары оқу орындарын зерттеу университеті моделіне біртіндеп көшіреміз. Бұл туралы Мәжілісте ғылымды дамыту тақырыбындағы Үкімет сағатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда жүргізілген бірқатар реформаларға қарамастан, кейінгі 30 жылда ғылым экономикалық даму мен азаматтардың әл-ауқатының өсуінің негізгі драйверіне айналмады. 1991 жылы ғылым саласында 52 мың зерттеуші тіркелсе, 2000 жылы 12 мың ғана адам қалды. 90-шы жылдары 30 мыңнан астам адам басқа салаға ауысып кетті. Қазір енді ғылыми кадрлар саны 22 мыңнан асып отыр», - деді С. Нұрбек.

Оның айтуынша, салаға қаражат бөлініп жатыр, ғылыми зерттеу гранттары игерілуде. Алайда инновациялық өнімнің нақты салалық өндірістегі, халықтың күнделікті өміріндегі үлесі өте аз. Сондықтан осы негізгі мәселені шешу керек.

«Университеттер мен индустрия арасындағы ынтамақтастыққа тоқталсақ, жоғары оқу орындары ғылыми зерттеу мен инновацияның қайнар көзіне айнала алмай отыр. Зерттеу форматына, моделіне көшкен университтердің үлесі аз», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, ғылыми жаңғырту және цифрландыру аясында маңызды іс-шаралар атқарылмақ. Зертханаларды жабдықтауға қомақты қаражат қарастырылып отыр.

«Өңірлердегі 15 жоғары оқу орнын таңдадық. Оларды зерттеу университеті моделіне біртіндеп көшіреміз. Негізгі ғылыми зерттеу әлеуеті жоғары оқу орындарына тиесілі болуы керек. Бірқатар дамыған елде осы бағытқа басымдық берілген. Біз де осы реформаны бастадық. Енді негізгі жүкті жоғары оқу орындарына жүктейміз», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазіргі кезде елімізде 22 456 ғылыми кадр бар.

Зерттеушілердің 37 пайызында (2022 жылы – 35%) ғылыми және академиялық дәрежесі бар. Сондай-ақ, зерттеушілердің 34 пайызын – 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар, 43 пайызын – 35-54 жастағылар, 23 пайызын 55 жастан асқан ғалымдар құрап отыр.


Соңғы жаңалықтар