Ғылыми-педагогикалық магистратураға түскендер мемлекеттік гранттың басым бөлігін алды
2021 жылғы 30 желтоқсан 10:35

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түскендер мемлекеттік гранттың басым бөлігін алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қысқы конкурс қорытындысы бойынша магистратураға білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды. Мемлекеттік гранттарды 945 қазақстандық жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

Оның ішінде ғылыми-педагогикалық магистратураға 837 адам, бейіндік магистратураға 108 адам оқуға түсті. Үміткерлердің арасында «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика», «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» сынды бағыттар сұранысқа ие болды.

Айта кетейік, биыл Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша министрлік магистратура мен докторантураға гранттар беру үшін конкурсты екі рет дәстүрлі түрде жазда және алғаш рет қосымша қыста ұйымдастырды. Осылайша, түрлі себептерге байланысты магистратураға түсе алмаған үміткерлер білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға екінші мүмкіндік алды.

«Мемлекеттік гранттар республикалық конкурстық комиссия отырысының қорытындысы бойынша берілді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер, Қазақстан студенттер альянсы мен «Отандастар» қорының өкілдері кірді. Отырыста комиссия барлық қатысушының нәтижесін қарады. Конкурстық іріктеу рәсімі толығымен автоматтандырылған. Магистратурада оқу үшін білім гранттары үміткерлердің балына сәйкес конкурстық негізде берілді», – деп атап өтті ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Мемлекеттік магистратура білім гранттары иегерлерінің тізімі министрліктің Telegram парақшасында және Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланған.

Барлық грант иегерлері 10 қаңтарға дейін құжаттарын университеттердің виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы тапсырады. Оқу жоғары оқу орындарының академиялық күнтізбесіне сәйкес басталады.

Айта кетейік, іріктеу сапасын жақсарту үшін ақылы бөлімге магистратураға түсу үшін шекті балл көтерілді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, бейінді магистратураға түсу үшін 50 балл.

Jańalyqtar

MURAǴAT