Ғылыми инфрақұрылымды грант арқылы қаржыландырудың жаңа тәсілін енгізу қажет - Тоқаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өндірісте ғылыми-зерттеу жұмыстарын көбірек жүргізу керек. Ол үшін бизнес өкілдері ғалымдармен тығыз байланыста болуға тиіс,-деді бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің отырыснда сөйлеген сөзінде елімізде «ақылды қалаларды» және агломерацияларды дамыту ісі өте маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Каспий теңізін жан-жақты зерттеу және еліміздің биологиялық қауіпсіздігін сақтау керек.

Жаңа сорттар арқылы астықтың шығымын арттыру, мал тұқымын асылдандыру, шөлді аймақтарда жеміс-жидекті үнемдеп суару сияқты мәселелерге ғылыми тұрғыдан қарау қажет. Осындай өзекті бағыттарға ауқымды гранттар бөлу керек. Шын мәнінде, гранттармен қамтамасыз етілген ғылыми жобалар өзекті, сұранысқа ие болуы қажет.

«Сондай-ақ ұжымдық зертханалардың әлеуеті зор. Онда әртүрлі ғалымдар мен ғылыми ұжымдар бірлесіп жұмыс істей алады. Мен ғылыми инфрақұрылымды грант арқылы қаржыландырудың жаңа тәсілін енгізу қажет деп санаймын. Сол арқылы алынған құрал-жабдықты пайдалану құқығы басқа да ғылыми мекемелерге берілуге тиіс»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ президент Мемлекеттік сатып алуға қатысты нормалар нақты жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырғандығына тоқталды.

«Мұнда да қағазбастылық, бюрократия бар. Бұл жағдай ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың мерзіміне және сапасына кесірін тигізеді. Мемлекеттік ғылыми мекемелерге және жоғары оқу орындарына осы жұмысты мемлекеттік сатып алу талаптарынан тыс жүргізуге мүмкіндік берілуі қажет»,-деп қосты Президент.

Соңғы жаңалықтар