Ғылыми аударма институтын құру керек - Ғ. Есім

None
None
АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат -Елімізде ғылыми аударма институтын құру қажет.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Ғарифолла Есім осы мәселені көтерді.

Сенатордың айтуынша, аударма ісі қай заманда болмасын халықтың рухани өмірі мен ғылым үшін өте маңызды саналған. Орта ғасырда Харун әр-Рашид арнайы аударма үйін салып, соның негізінде дүниежүзіндегі барлық ойшылдар мен ғалымдар еңбектері араб тіліне аударылған. Бұны еуропалық ғалым Адам Мец «мұсылман ренессансы» деп те атаған еді.

«Кеңестік заманда қазақтың ғылыми аудармасы біршама оң жолға қойылған болатын. Ғалым-аудармашы мамандар коммунистік идеология негізін құраған Маркс, Энгльс, Ленин шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Аударманың сапасы өте жоғары болды. 2003 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынып, көп жұмыстар атқарылды. Бағдарлама шеңберінде шетел тілдерінен біраз еңбектер аударылды. Алайда аударма жеке мектеп болып қалыптаспады және аударылған шығармалар сапасы да көңілдегідей болмай шықты», - дейді Ғ. Есім.

Осыған орай, сенатор аударма ісін қайта қолға алу қажеттігін алға тартады. Оның сөзінше, қазір әлемдік деңгейдегі жазылған шығармалармен тек орыс тілінде ғана таныса аламыз. Ағылшын, француз, неміс ғалымдары мен саясаткерлерінің жазған еңбектері орыс тіліне шапшаң аударылып, жұртшылыққа тез арада ұсынылады. Сондықтан, сенатор Ғ. Есім қазақ тіліндегі ақпарат көздері де осындай деңгейде болса екен деген тілегін жеткізді.

«Тіл ақпарат көзіне айналуы үшін сол тілде әлем әдебиетінің класссиктері, ақындары, ойшылдары мен саясаткерлерінің шығармалары  бүгінгі заманның алдыңғы қатарлы ойшылдарымен бір деңгейде сөйлеуі керек. Кәсіби аударма мектебі қалыптасса заң жобаларында мемлекеттік тілге қатысты жіберіліп жатқан кемшіліктер де орын алмас еді», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар