Ғылыми атағы бар мұғалімдерге үстемақы берілуі тиіс - жұмыс тобынан ұсыныс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасының тұжырымдамасын таныстырған жұмыс тобы ғылыми атағы бар мұғалімдерге үстемақы беру бастамасын көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біліктілікті арттыру курстарын бес жылда бір рет емес, үш жылда немесе жыл сайын, бірақ белгілі бір мөлшерде өткізу керектігін көрсететін жүйені енгізуді ұсынамыз. Себебі, жаңартылған мазмұн еніп жатқан кезде мұғалімдер үшін өзінің біліктілігін бес жылда арттыру аздық етеді. Тіпті үш жылдың өзі аз. Сондықтан, мүмкіндігінше оны ұдайы жасау керек. Бұл жөнінде жұмыс тобы әлі жұмыс жүргізіп жатыр», - деді «Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасын даярлаушы жұмыс тобының мүшесі, Астана қаласының гуманитарлық колледжінің директоры Елдос Нұрланов БҒМ-да өткен жиында.

Оның айтуынша, мұндағы жұмыс тобының ойы - біліктілікті арттыру курстарын тікелей кездесу арқылы емес, онлайн жүргізу мүмкіндігін де енгізу керек.

«Біздің ойымызша, бұны Білім және ғылым министрлігі тиісті білім беру курс бағдарламаларының каталогын бекіту арқылы жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, ғылыми атақтар, яғни профессор, доцент және магистр дәрежесі үшін үстемеақыны педагогтардың барлығына енгізу ұсынылып отыр. Біздің ойымызша, ғылыми атағы және магистрлік дәрежесі бар мұғалімдердің дені біртіндеп артуы тиіс», - дейді ол.

Елдос Нұрланов атап өткендей, сонымен бірге, оқу жүктемесі де - үлкен мәселе.

«Өздеріңіз білетіндей, біз қатысып жүрген зерттеу жұмыстары Қазақстандағы оқу жүктемесінің едәуір көптігін көрсетеді. Соған байланысты оқу жүктемесіне қатысты нормативті оқу жүктемесін Білім және ғылым мининстрлігіне беруді кіріктіріп отырмыз. Оның арқасында БҒМ оқу жүктемесіне қатысты шешімдерін тез әрі тиімді өзгерте алады», - дейді ол.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылы Қазақстанда «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керектігін айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар