Ғылымдағы гендерлік теңсіздік: әлем елдері мен Қазақстандағы жағдай

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 11 ақпан – ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні. Бұл күн 2015 жылғы 22 желтоқсанда қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас Ассамблеясының әйелдер мен қыздардың ғылымға толық әрі тең қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі қарары негізінде жыл сайын 11 ақпанда атап өтіледі. Әлемдегі ғалымдардың 33 пайызы ғана әйелдер екенін ескерсек, бұл мәселе қоғамда әлі де өзекті екенін аңғаруға болады. Осыған орай, әлемдегі және Қазақстандағы ғылым саласындағы әйелдердің үлесі, ғылымдағы гендерлік теңсіздік, аталған саладағы проблемалар төңірегінде ой қозғауды жөн көріп отырмыз. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Ғылым саласындағы гендерлік теңсіздік

Әлемде зерттеушілер арасындағы әйелдердің үлесі 33,3%-ды құрайды. Бұл дегеніңіз үштен бірі деген сөз. Сарапшылар оның бірқатар себебі бар екенін алға тартады. ЮНЕСКО ұйымының мәліметінше, қоғамда қалыптасып қалған түрлі әлеуметтік және мәдени стереотиптер ғылымдағы гендерлік теңсіздікке себеп болып отыр. Мәселен, кейбір салалардың тек ерлерге (математика, физика, инженерия) немесе әйелдерге (өнер, білім) арналған деп бөлінуі, әйелдердің мансап құрудан гөрі бала тәрбиесіне басымдық беретіні сияқты архаикалық түсініктер әлі бар. Мұндай түсінік әлемнің барлық аймағында таралған, дегенмен олардың деңгейі өңірдің дамуына қарамастан, әр жерде әртүрлі.

Ең қызығы, ғылымдағы әйелдердің ең жоғары үлесі әлемдегі ең бай, экономикасы жақсы дамыған елдерге тиесілі болмай шықты. Бұл көрсеткіш Мьянмада – 75,6%, Венесуэлада – 61,4%, Әзербайжанда – 59% құрайды. Ал мәселен, экономикасы ең дамыған елдердің бірі Жапонияда әйелдер елдегі барлық ғалымның 17%-ын ғана құрайды.

ЮНЕСКО ғылымдағы гендерлік тепе-теңдікке қол жеткізуге бағытталған мұндай стереотиптермен күресудің тиімді жолы ретінде білім беру мекемелерінде, яғни мектептерден бастап университеттерге дейін, сонымен қоса ғылыми академиялар мен ғылыми ұйымдарда гендерлік теңдік бағдарламаларын енгізу керек екенін айтады. Ата-аналармен тәрбие жұмысының да маңызы зор. Дегенмен бұл өте күрделі, ұзақмерзімді жұмыс, сондықтан тез нәтиже бермейді. Алайда осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, соңғы жылдары әлемде ғылымдағы қыздар мен әйелдер саны артып келеді. Мәселен, 2013 жылы әлемде ғалымдардың 28,4%-ы қыздар мен әйелдер болса, 2016 жылы олардың үлесі 29,3%-ға дейін өсті, ал 2018 жылы ол 33,3%-ды (ең соңғы дерек) құрады.

Дегенмен жоғары білім беретін ұйымдарда гендерлік теңдік бар, тіпті қыздар басымырақ екенін байқауға болады. Мысалы, әлеуметтік ғылымдардың бүкіл әлем бойынша орта есеппен студент қыздардың 61%, гуманитарлық ғылымдардың 62%, денсаулық сақтаудың 68%, және білім берудің 71% негізінен әйелдер. Тек екі салада ғана, атап айтсақ, IT мен инженерия саласындағы әйел студенттер саны 30%-дан аз.

Мамандардың сөзінше, әйелдердің ғылыми жұмыстары лайықты құрметке ие болмай отыр. Оған Нобель сыйлығының тарихында жүлде алған әйелдер санының өте аз болуы себеп бола алады. Нобель сыйлығы иегерлерінің жалпы санының тек 6,1%-ын әйелдер құрайды. Егер біз тек ғылыми номинацияларды қарастыратын болсақ (Әдебиет және Бейбітшілік сыйлығын қоспағанда), онда әйелдердің үлесі 3,7%-ға дейін төмендейді.

Қазақстанда ғалымдардың 50%-дан астамы – әйелдер

Елімізде де отандық ғылымды өркендетіп, бар өмірін ғылымға арнаған әйелдер саны аз емес. Мәселен, ҚР Ғылым және білім министрлігінің 2022 жылғы ақпандағы дерегі бойынша, Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қатысатын әйел ғалымдардың үлесі 50%-дан асады (10 мыңға жуық әйел). Нақтырақ айтсақ, 714 әйел – ғылым докторы, 2427 - ғылым кандидаты, 992 - PhD докторы және 28 - бейіні бойынша доктор бар.

Бұл көп елмен салыстырғанда жаман көрсеткіш емес. Алысқа бармай, посткеңестік елдердің статистикасына назар аударсақ, Қазақстан ғылымдағы әйелдер саны жөнінен 52%-бен үшінші орында (өткен жылғы көрсеткіш) тұр. Алғашқы орында 59%-бен Әзербайжан тұрса, екінші орынға 52,7%-бен Грузия жайғасқан. Ал ғылымдағы әйелдер саны жөнінен Ресей (39,2%) мен Тәжікстан (38,4%) тізімде ең соңғы тұр.

Ендеше, еліміздегі ғылым саласын алға сүйреп, жоғарыда атап өткендей, алғашқы үштіктен көрінуіне ықпал етіп, бар ғұмырын арнап жүрген әйелдердің бірқатарына тоқталып өтейікші. Бұл БАҚ беттеріне жарияланған, халық арасында танымал болған жандар. Дегенмен жария болмай, ғылымға үлес қосып жүрген әйелдер саны өте көп екенін статистика дәлелдеп отыр.

Мәселен, Мәриям Алмарданова - қазақтың ұлттық сүт тағамдарын биотехнологиялық әдіспен әзірлеушісі, Алмагүл Күзгібаева – балалардағы созылмалы гастрит түрлерін диагностикалау әдісінің авторы, Мадина Сәрсенова – құрылыс материалдарының қалдықтарын кәдеге жарату арқылы суды тазартудың инновациялық әдісінің авторы және тағы басқалары.

Соңғы жылдары ғалым Күнсұлу Закарьяның есімі көптеп аталып жүр. Оның есімі әсіресе, елімізді коронавирус пандемиясы жайлаған тұста кеңінен белгілі бола бастады. Қазақстандағы ең маңызды ғылыми жаңалықтардың бірін, яғни биолог ғалым Күнсұлу Закарьяның басшылығымен ғалымдар тобы «QazVac» вакцинасын жасап шыққан еді. Бұл жаңалық ғылым саласындағы үлкен жетістіктердің бірі болып қана қоймай, көптеген адамның өмірін аман алып қалды. Жалпы коронавирус пандемиясы жайылған тұста ғылымға баса көңіл бөлу керек екенін әлем де, Қазақстан да жақсы түсінді. Сондықтан да бүгінгі таңда елімізде ғылымға бөлінетін гранттар саны артып, ғалымдарды қолдау шаралары күшейгенін атап өту керек.

Фото:primeminister.kz

«Ғылымдағы әйелдердің рөлі артты»

Жалпы жоғарыда атап өткендей, гендерлік теңдік, әсіресе, ғылым саласындағы гендерлік теңдікке жету күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Оның үстіне БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін де ғылым саласындағы теңдікті қамтамасыз ету маңызды.

Биылғы Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні қарсаңында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ғылымда әйелдер мен қыздар неғұрлым көп болса, ғылым саласы соғұрлым жақсы дамитынын айтты.

«Әйелдер мен қыздар ғылыми-зерттеу саласына әралуандық әкеледі, ғылыми мамандар контингентін кеңейтеді және ғылыми-техникалық саланы жаңа перспективалармен байытады», - деді Антониу Гутерриш.

Фото:news.un.org

Сонымен қоса Бас хатшы әйелдердің ғылымдағы құқықтарын қорғауға және стереотиптерді, алалауды және кедергілерді жоюға шақырды.

Расында да, ғалымдардың өз ойынша, ғылыми жаңалықтар ашу үшін 100 пайыз ғылымға берілу керек. Ал әйелдер үшін мұны істеу қиынырақ, өйткені әйелді бала туу мен күту, үй шаруашылығындағы міндеттерді орындау алаңдатады. Осылайша, олар мансабын жарты жолда тастап, көбіне отбасымен айналысып кетеді.

Сондықтан сарапшылардың пікірінше, әйелдердің ғылымға тең және толық қолжетімділікті қамтамасыз етуді арттыру қажет. Ол үшін, мысалы, жұмыс орындарында балаларға арналған арнайы бөлмелер, балабақшаға бара алатындай жағдай жасау керек. Сонымен бірге қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі немесе жұмыс күнінің жартысын кеңседе, ал жартысын қашықтан істеуге мүмкіндік беру керек.

Профеесор, доктор Жанар Темірбекова қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында елімізде әр саладағы гендерлік теңсіздікті жою үшін басқарушы әйелдер саны көп болу керегін айтады. «Шешім қабылданатын жерде әйелдер санын көбейту керек. Кәсіпорындарға немесе мемлекетке қатысты шешім қабылданатын басқару деңгейінде әйелдер неғұрлым көп болса, әйелдердің мәселелері соғұрлым көбірек күн тәртібіне шығады»,-дейді ол.

Жалпы дәстүр бойынша, ғалымдардың ғылымға қосқан үлесін жарияланымдар саны бойынша қарастырады. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, бұл әрқашан дұрыс бола бермейді.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының маманы Индира Рыстина әлем бойынша әйелдердің ғылыми жұмысы тиісті баға алып отырғанына күмән келтіреді. Ол өз сөзін Нобель сыйлығының статистикасымен дәлелдей түседі.

«Бірақ бүкіл әлемде әйелдердің ғылыми жұмысы лайықты бағасын алуы екіталай. Бұл тезисті Нобель сыйлығының тарихы барынша айқын көрсетеді – әйелдер лауреаттардың жалпы санының 6,1%-ын ғана құрайды»,-деп атап өтті ол өзінің Фейсбук парақшасында.

Дегенмен Қазақстан әйелдердің ғылым саласына қатысуын арттыру үшін қолға алынған іс-шаралардың жүйелі түрде іске асып жатқанын байқауға болады. Оған статистика көрсеткіштері дәлел. Бүгінде соңғы мәліметтер бойынша, еліміздегі ғалымдарыдң 54%-ы әйелдер. Бұл жаман көрсеткіш емес.

«Қазақстан дамуының жаңа кезеңіндегі отбасы-демографиялық және гендерлік саясат» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми конференцисында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әйелдердің ғылымдағы рөлі артқанын атап өткен еді.

«Қазақстандағы ғылыми қызметкерлердің жартысы – әйелдер. Олар ғалымдардың жалпы санының 54%-ын құрайды және жыл сайын олардың саны артып келеді. Жалпы бүгінде әйелдердің ғылымдағы рөлі артты. Мысалы, биолог Күнсұлу Закарья, коронавирусқа қарсы «QazVac» вакцинасын жасады. Біз Ғылым және жоғары білім министрлігі ретінде гендерлік теңдік саясатын толық қолдаймыз, ғылымға, жоғары білімге, оның ішінде басқару функцияларына, әсіресе әйелдерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін боламыз», - деді.

Қазіргі таңда еліміздегі ғалымдар саны 22 мыңнан асады.

Жалпы қорытындылай келе, қазақстандық әйелдердің ғылыммен айналысуына жағдай жасалып жатқанын байқауға болады. Өйткені, сандарды сөйлетсек, алысқа бармай-ақ, алпауыт держава саналатын Ресей секілді мемлекетпен салыстырғанда, ғылымдағы әйелдер саны жөнінен алда келе жатыр. Өйткені бүгінде елімізде ғылым саласына баса назар аударылып отыр. Мәселен, Мемлекет басшысы 2019 жылы ғылымның ел дамуына қосатын үлесін арттырып, бағдарламалық құжат қабылдауды тапсырған болатын. 2020 жылы «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізіліп, еліміздің ғылыми саласын қаржыландыруды толығымен өзгертіп, ғалымдардың еңбекақысын көбейтті. Сонымен бірге ғылыммен айналысатын жастарға арналған грант санын көбейтті. Осылайша, еліміздегі ғылым саласы жолға қойылып келеді. Мұның әйелдер үшін тиімді болатыны сөзсіз...


Соңғы жаңалықтар