Ғылым саласын қаржыландырудағы жылдар бойы көтеріліп келе жатқан мәселелер шешімін тапты - Асхат Аймағамбетов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент «Ғылым туралы» Заңына түзетулерді қабылдады. Үкіметтің бастамашылық етуімен әрі Парламент депутаттарының қолдауымен қабылданған жаңа түзетулерде ғылым саласын қаржыландыруға өзгерту енгізу мәселесі өз шешімін тапты, деп хабарлайды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Фейсбуктегі парақшасында.
Министрдің айтуынша, заңға енгізілген түзетулер ғылым саласын қаржыландыру мен қолдау шараларын жақсартуға бағытталған.
«Бұрын-соңды ғалымдардың қатысуымен өтетін әрбір кездесуде ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту мәселелері көтерілетін еді. Жалақыны базалық қаржыландыру тетігіне тек басшылар мен көмекші қызметкерлерді ғана емес, сонымен бірге ғылыми қызметкерлерді де қосу қажеттілігі туралы мәселе жылдар бойы көтерілетін. Гуманитарлық бейіндегі ғалымдарымыз (қазақ әдебиеті, тіл білімі, Қазақстан тарихы, археология, философия және т.б.) осы бағыттарды қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет екендігін 10 жылдан астам уақыттан бері айтып келеді», - деп, БҒМ басшысы саладағы өзекті мәселелерді атады.
Асхат Аймағамбетов Президенттің тікелей қолдауының арқасында және Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларының нәтижесінде аталған мәселелердің барлығы Үкіметтің бастамашылық етуімен әрі Парламент депутаттарының қолдауымен қабылданған жаңа түзетулерде өз шешімін тапқанын мәлімдеді.
«Қысқа мерзім ішінде қажетті түзетулер әзірленіп, Парламенттің қарауына енгізілді. Жаңа нормалар Мемлекет басшысы Заң жобасына қол қойғаннан кейін келесі жылдан бастап заңды күшіне енеді. Бұл дегеніміз, кем дегенде 1600 ғалым базалық қаржыландыру шеңберінде тұрақты негізде жалақы ала бастайды.

Ал, гуманитарлық бейіндегі институттар тікелей қаржыландыру шеңберінде тек гранттық жобаларға ғана тәуелді болмай, керісінше өз бағыттары бойынша зерттеулер жүргізу үшін тұрақты қаржыландырылатын болады», - дейді министр.

Сонымен қатар министр ғылыми қауымдастық көптеген жылдар бойы Ұлттық ғылыми кеңестер жұмысының объективтілігін арттыруға ұмтылып келгенін, өйткені бюджеттік қаржыландыру туралы шешімді ғылыми кеңестер қабылдайтынын айтты.
«Соңғы екі жылда аталған кеңестердің жұмысында айтарлықтай оң өзгерістер орын алды. Ұлттық ғылыми кеңес шешімдерінің барынша негізділігі мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін заң жүзінде апелляциялық комиссия енгізіліп жатыр. Комиссия Ұлттық ғылыми кеңес шешімдеріне қатысты ғалымдардың апелляциялары мен Әдеп кодексін сақтау мәселелерін қарастыратын болады», - деп түйді сөзін ол.

Соңғы жаңалықтар