Ғылым министрлігі жатақхана құрылысына бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайтпақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жатақханалар салу үшін берілетін мемлекеттік тапсырыс көлемі 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке (Алматы қаласы үшін 144 АЕК-тен 230 АЕК-ке дейін) көбейеді.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдерінің кәсіпкерлермен кездесуі барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында кәсіпкерлерге шарттар жасасу рәсімі, мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібі, инвестициялық ынтымақтастық шеңберінде төлемдердің сомалары мен мерзімдері түсіндірілді. Сондай-ақ жаңа жатақханалар құрылысына жер учаскелерінің нысаналы мақсатын алу және өзгерту рәсімі туралы ақпарат ұсынылды.

Бұдан басқа, кәсіпкерлер әлеуетті инвесторлар үшін, оның ішінде тұрақты табысқа кепілдік беру бөлігінде бүгінгі күні қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етілді. Жатақхана пайдалануға берілгеннен кейін мемлекет студенттерді орналастыруға мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыратын болады.

Алматы қаласы үшін жыл сайынғы тапсырыс мөлшері: жаңа жатақхана құрылысы кезінде – 144 АЕК, қолданыстағы ғимаратты жатақхана етіп қайта жаңарту кезінде – бір студентке 92 АЕК құрайды. Бұл ретте мемлекеттік тапсырыс 8 жыл мерзімге орналастырылады. Бұдан басқа, ғимараттың нысаналы мақсатта пайдаланылуына 20 жылға ауыртпалық тіркеледі.

Кездесуде жаңа жатақханалар салу үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке (Алматы қаласы үшін 144 АЕК-тен 230 АЕК-ке дейін) арттыру, тапсырысты орналастыру мерзімін 8 жылдан 6 жылға дейін қысқарту мәселелері қарастырылып жатқаны, сондай-ақ 6 жыл өткеннен кейін инвесторға келесі 14 жылда студенттердің жатақханаларда тұруы үшін операциялық шығындары мемлекет тарапынан өтелетіні жайлы айтылды.

«Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім министрлігі кәсіпкерлермен кездесуді Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Алматы қаласының әкімдігімен және «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесіп, студенттік жатақханалар құрылысына инвестиция салу мәселесін талқылау үшін ұйымдастырды»,-делінген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.



Фото: gadgetshelp.com






Соңғы жаңалықтар