Ғылым министрі Назарбаев Университетін басқару жүйесіне қатысты пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Назарбаев Университетіне қатысты заңнамаға тиісті өзгеріс енгізу Үкімет деңгейінде пысықталып жатыр. Бұл туралы Мәжілісте ғылымды дамыту тақырыбындағы Үкімет сағатыннан кейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Назарбаев Университеті шын мәнінде біздің жетекші зерттеу университеттеріміздің бірі. Мұнда ауқымды зерттеу әрі зертханалық база бар. Ғылыми жарияланымдар бойынша өте жақсы көрсеткіштер байқалды. Назарбаев Университетінің түлектері қазір маңызды компанияларда жұмысқа орналасып жатыр. Дегенмен, айтылып жатқан сынның басым бөлігі жұмсалған қаражаттың ашық тәртіпте игерілуіне, халықаралық рейтингілерге енуіне қатысты болып отыр», - деді С. Нұрбек Мәжілісте ғылымды дамыту тақырыбындағы Үкімет сағатынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, қазіргі кезде министрлік тікелей Назарбаев Университетіне ықпал ете алмайды.

«Оның қызметі бөлек заңмен реттеліп отыр. Сондықтан заңнамаға тиісті өзгеріс енгізу Үкімет деңгейінде пысықталып жатыр. Осы бағытта аталған университет бойынша тиісті ведомствоның басқаруына қатысты және оқу орнының есеп беруі мәселесі қарастырылған. Әзірге біз университетті мемлекеттік білім беру тапсырыстары арқылы ғана қолдап келеміз. Атап айтқанда, жұртшылықты бұл мәселеге өте мұқият қарауға шақырамын. Өйткені бұл университетке қаншама күш-жігер, ресурс жұмсалғанын ескере отырып, жоғары оқу орнының әлеуетін жойып алмау маңызды», - деді министр.

Сонымен қатар депутат Асхат Аймағамбетов елдің дамуы үшін аталған университет пен Назарбаев Зияткерлік мектептері керек екенін айтты. Осы орайда аталған оқу орындарын басқару жүйесінде барлығы түсінікті әрі ашық болуы керек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін туралы Мәжілісте ғылымды дамыту тақырыбындағы Үкімет сағатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жастар PhD ғылым дәрежесін алып, университетке жұмыс істеуге бармайтынын айтты.


Соңғы жаңалықтар