«Ғұсман Қосанов Мемориалына» 10 елден 300-ге жуық спортшы қатысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 29-30 маусым күндері Алматыдағы Орталық стадионда жеңіл атлетикадан өтетін халықаралық «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалына» 10 елден 300-ге жуық спортшы қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Жеңіл атлетика федерациясы таратқан мәліметтерге сүйенсек, Рим Олимпиадасының күміс жүлдегері атындағы дәстүрлі жарысқа Қазақстаннан бөлек, Иран, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Сирия, Әзербайжан, Түрікменстан, Кения, Қырғызстан сынды елдерден ең сүздік спортшылар келеді.

«Ғ. Қосанов Мемориалы» - Азия құрлығының Орталық Азия аймағындағы жеңіл атлетикадан үздік халықаралық турнир болып саналады. Бұл жарыс Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) және Азия жеңіл атлетика қауымдастығының (AAA) күнтізбесіне енгізілген.

Ғұсман Қосановты еске түсіруге арналған жарыс алғаш рет 1991 жылы өткізілген.

Айта кетейік, Ғұсман Сыйтықұлы Қосанов 1935 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Изатулла ауылында дүниеге келген. Олимпиада ойындарына тұңғыш қатысқан және Олимпиада жүлдесiн тұңғыш жеңiп алған қазақ атлеті.

Ол 1960 жылы Рим олимпиадасында күміс медальға ие болды. Италия астанасында 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасы сапында Л. Бартенев, Ю. Коновалов, Э. Озолиндермен бірге мәреге екінші келді. Қосанов сондай-ақ 1960 жылғы Олимпиада ойындарында 100 метрлік қашықтықта да жарыс алаңына шыққан болатын. Жекелей сында 10,7 секунд нәтижесімен жалпы есепте 6-орынға табан тіреді.

Ғұсман Қосановтың басқа да атақтары жетерлік. Еуропа чемпионы, КСРО чемпионатының күмiс жүлдегерi, Қазақстанның бiрнеше дүркiн чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңiмпазы. Тіпті, жеңiл атлетикадан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш спорт шебері.

Соңғы жаңалықтар