Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті - Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдары ашылмақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жоғары білімнің қолжетімділігі де көкейкесті мәселе болып қалуда. Елдің халық тығыз қоныстанған өңірлеріндегі жастарға арналған мақсатты гранттар бөлуге айрықша назар аудару қажет. Жаңа экономика құру үшін ЖОО бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Жуықта Қазақстанда жетекші шетелдік жоғару оқу орындарының филиалдары ашу басталды.

Жақын арада Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отыр», - деді Президент.

Оның сөзіне қарағанда, 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын ашу қажет.

«Соның өзінде оның екеуі техникалық бағдарланған болуы керек. Қайталап айтамын, техникалық бағдарланған оқу орындарының филиалын елдің батысында ашу керек.

Жалпы бәрімізге білім туралы көзқарасымызды өзгерту қажет. Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру қажет. Инженерлер мен өнеркәсіп өкілдерінің жаңа буынын өсіріп шығару қажет болып тұр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында ҚР Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынып, оны Мәжіліс қабылдады.

Президент жуықта Қазақстанды саяси трансформациялау жөніндегі жаңа ұсыныстарын жариялайтынын айтқан .

Сондай-ақ, ол 7 қаңтарда халыққа жасаған үндеуінде Үкіметке бүгінгі Мәжіліс отырысында натқы тапсырмалар беретінін айтқан еді.

«Үкімет менің 11 қаңтарда Мәжілісте айтатын сөзіме қатысты нақты шешімдер қабылдауы керек», - деген Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар