Гүлжан Өнербекова: Жақсы көріп айналысқан іс - шабыттандырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербетіп, шаңырағына да, қоғамдық шараларға да бірдей көңіл бөліп жүрген нәзік жандылар аз емес. Олар өнер, білім, медицина, экономика және басқа да маңызды салаларда жауапты қызмет атқарып, еліміздің дамуына лайықты үлестерін қосып келеді. Сондай жандардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Өнербекова.

Ол Талдықорған облысы, Алакөл ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. Алакөлдің бойында орналасқан ауылда, 6 балалы үлкен шаңырақта өскен.

«Бала кезімде ел қатарлы мектепті бітіріп, институтқа түсіп, үлкен өмірге жолдама алуды армандадым. Үш әпкем де анамның жолын қуып, медициналық білім алып, сол салада еңбек етіп жатыр. Әкем қызмет жолын агроном болып бастап, кейін 25 жыл бойы Талдықорған облысындағы әртүрлі ауданның әкімі болды. Экономист болғым келетінін айтқан кезде ата-анам мені қолдады», - дейді Гүлжан Өнербекова.

1987 жылы Қарағанды кооперативтік университетін «экономист» мамандығы бойынша тәмамдап, Алакөл ауданындағы сауда жүйесінде экономист болып қызмет атқарған.

«Тұрмысқа шығып, үш баланы тәрбиеледім. Қазіргі уақытта 7 немеремнің қызығына батып жүрген жайым бар. 1997-1999 жылдары Алматы қалалық қазынашылық басқармасының қазынашысы, жетекші қазынашысы, сектор меңгерушісі болсам, қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қазынашылық департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарудамын. Қазынашының жұмысы – бюджетті кассалық атқару бойынша мемлекеттік органдарға қызмет ету, атап айтқанда қаржыландыру жоспарларын жүргізу, төлемдер жүргізу және басқа да мемлекеттік бюджетті орындау бойынша операциялар жүргізу», - дейді ол.

Оның айтуынша, 2002 жылы қазынашылықтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі, ал 2008 жылы мемлекеттік органдармен электрондық құжат айналымы үшін «қазынашылық-клиенттік» ақпараттық жүйесі енгізілген.

«Осы жүйені енгізуде үлес қостым. Бұл ақпараттық жүйені енгізу мемлекеттік органдардың қызмет көрсету, көлік және басқа шығындарының уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Қашықтағы режимде бюджеттің атқарылуы мен белгілі бір операцияларды жүргізу туралы сұраулар мен есептер жасалады. Пайдаланушының автоматтандырылған жұмыс орнының көмегімен құжаттарды толтыру, беру және бақылау мемлекеттік органдардың орындаушылары арасындағы адамдардың байланысын айналып өтіп, жүзеге асырылады. Бұл – құжаттарды өңдеу процесін жеделдетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелін жояды . Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік бюджетін атқаруға арналған ақпараттық жүйелер әлемдегі ең үздіктер қатарына кіреді», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қазынашылық департаменті басшысының орынбасары.

Гүлжан Мәженқызы отбасы мен қызмет жолын қатар алып жүргісі келетін қыз-келіншектерге кеңес айтты.

«Ең бастысы, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қағиданы ұмытпауымыз керек. Арманға адал болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласу қажет. Жұмысқа беріліп, отбасы алдындағы жауапкершілікті де ұмытып кетуге болмайды, себебі үйдегі бала-шағаның тәрбиесі әйелдің мойнында. Жұмысқа да, үй шаруаларына да үлгеру – оңай емес, бірақ жақсы көретін іспен айналысу – адамды шаршатпайды, керісінше шабыт сыйлайды», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар