Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Жезқазғанда жүр

None
None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік топтың Қарағанды облысына жұмыс сапары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін үкіметтік топ Жезқазған қаласында болды. Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Медициналық орталық қызметімен танысты. Орталық құрамына 300 орынға арналған стационар мен бір ауысымда 800-ге жуық адамды қабылдай алатын емхана енеді.

Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіқалықова қалалық Жұмыспен қамту орталығында болды.

«Жезқазғанда 1,5 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Оның 300-і - әлеуметтік аз қамтылғандар. Қазір қалада жаңа ережелер бойынша атаулы әлеуметтік көмекті беруге дайындық жүріп жатыр», - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары. Автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді, алыс ауыл тұрғындарына көмек көрсетіп, оларға кеңес беретін 14 жылжымалы пункт бар.

Жұмыспен қамту орталығының көмегімен өткен жылы Жезқазғанда 2728 адам жұмысқа орналасқан. Қысқа мерзімді кәсіби оқуға 243 адам жіберілген. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 100 адам кәсіпкерлік бойынша білім алып жатыр. 121 адам жастар тәжірибесіне жөнелтілген.

Премьер-Министрдің орынбасары Жезқазғанда «Ертөстік» бөбекжайында болды. Және мектеп оқушылары бағдарламалау мен робототехника бойынша білім алатын «IT TECHNOLOGY FOR YOU» білім орталығының жұмысымен танысты. «Ютария ltd» өндірістік инновациялық компаниясы IT-сыныптардың ашылуына 38 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған.

Гүлшара Әбдіқалықова бүгін Жезқазғанда азаматтарды қабылдайды. Кейін ол Жезқазған, Сәтпаев, Қаражал қалаларының және Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары әкімдерінің, Жезқазған өңірінің ірі кәсіпорын, бизнес құрылымдар мен кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен өтетін жиынға қатысады.

Үкіметтік топтың Қарағанды облысына жұмыс сапары екі күнге - 17 және 18 сәуірге созылады.

Соңғы жаңалықтар