Гүлшара Әбдіқалықова: Өз денсаулығымызға немқұрайлы қарамайық, өзгеге қауіп төндірмейік

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақ тұрғындарына вакцинаға байланысты үндеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өз үндеуінде облыс әкімі елімізде халыққа жаппай екпе егу жүріп жатқанын атап өткен.

«Жалпы, вакцина салдыру денсаулығымызға қорғаныш екенін ескерсек деймін. Мамандардың айтуынша, екпеден кейін коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасады. Екпені алғаш алғаннан кейін екінші дозасын белгілі бір уақытта алу қажет. Содан соң ғана ағзаны қорғайтын антидененің жеткілікті дәрежесі түзіледі. «Вакцина алдым» деп маскасыз жүруге болмайды. Еліміздегі ересек адамдардың 60 пайызы вакцина алып, ұжымдық иммунитет пайда болғанға дейін маска тағып жүруіміз керек.

Вакциналауға қарсы пікірдегі адамдар бұрыннан да болған. Коронавирусқа қарсы вакцинаға ғана емес, ондай адамдар екпенің кез келген түріне қарсы пікірде. Бірақ, қазіргі пандемия жағдайынан тек сол арқылы ғана шыға аламыз. Мәселен, әлемнің алдыңғы қатарлы елдері аталған істі былтырғы желтоқсан айында бастап кетті», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы үндеуінде қазір дүниежүзінде 150 миллионнан астам адам вирус жұқтырғанын, соның 3 миллионнан астамы дүниеден өткеніне тоқталды. Оның айтуынша, коронавирусты жеңудің жалғыз амалы - вакциналау. Әлемдегі АҚШ, Германия, Франция, Жапония мемлекеттері жаппай вакциналауды қолға алды.

«Жаппай вакциналау бізге не береді? Қазіргі таңда бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес өңірлердегі ұйымдар мен кеңселерде «қызыл аймақта» - қызметкерлердің 80, «сары» аймақта - 50, «жасыл» аймақта - 30% қашықтан жұмыс істеуде. Егер қызметкерлердің 90%-ы вакцина алған болса, олар жұмысқа толық жіберіліп, тек 10%-ы қашықтан жұмыс істейді. Осыны ескеріп, бүгінгі күні бюджеттік мекемелер қызметкерлері, атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер, құқық қорғау органдары жаппай вакцина алуда. Сыр елінің өнер майталмандары, жыршы-жыраулары, жазушы-ақындары, айтыскерлері, журналистер қауымы елдік істен қалыс қалмаса дейміз. Ендігі ретте халықпен тығыз қарым-қатынас жасайтын кәсіпкерлер, базарлардағы сатушылар, кафе, мейрамхана, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету қызметкерлері вакцина алудың көптеген мүмкіндіктерге жол ашатынын түсініп жатса жөн болар еді. Өз денсаулығымызға немқұрайлы қарамайық. Өзгенің денсаулығына қауіп төндірмейік. Қауесет сөздерге ермейік. Сіздерді мамандардың сөзін тыңдап, мән беруге шақырамын», - деп атап өтті Гүлшара Әбдіқалықова.

Естеріңізге сала кетелік, өңірде өткен жылдан бері 5 794 адам қатерлі вирусты жұқтырды. Қазір Қызылорда облысы «қызыл» аймақта тұр.


Соңғы жаңалықтар