Гүлшара Әбдіқалықова құқыққорғау қызметі орталығының жұмысымен танысты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген Үкімет тобы құқыққорғау қызметі орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Ақтөбе облыстық прокуратурасының құқыққорғау қызметі орталығын қарап шықты. Бұл орталықта жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарына түскен арыз-шағымның дер кезінде қаралуы қамтамасыз етіледі. Әрі құқықтық кеңес беріледі.

«Әкімшілік полиция, Құқықтық статистика басқармасы мен Әділет департаменті есептен алу, айыппұл төлеу мәселелерін осы жерде шешеді. Сонымен қатар, медиаторлар да көп жұмыс атқарып жатыр. 2017 жылдың шілде айында орталық ашылса, содан бері 12 мыңнан астам құқықтық кеңес берілді», - деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі. Ал жыл басынан бері 1 мыңнан астам адам көмек алды. Сонымен қатар, облыстық прокуратураның басшылығы орталықта апта сайын азаматтарды қабылдайды.

Еске салсақ, Үкімет тобының құрамында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов бар.

Соңғы жаңалықтар