Гүлшара Әбдіқалықова елімізде футболды қаржыландыруға қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Спорттың басым бағыттары бойынша қаржыландыру лимитін заңнамалық деңгейде қарастыру қажет. Бұл туралы Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қолданыстағы нормативтерді қайта қарап, әрбір елді мекеннің спорт ғимаратына деген нақты қажеттілігіне талдау жүргізген дұрыс деп есептеміз. Бүгінде спорт саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағытында 105 жоба ғана бар. Оның 22-сін жергілікті атқарушы органдар іске асыруда. Жалпы көлемі 600 мың шаршы метрден астам спорт ғимараттары қажет болып отырған кезде, бұл жобалардың жеткіліксіз екендігі көзге көрініп тұр. Сондықтан бізде қаржыландырудың мемлекеттік емес көздерін іздеу керек. Сол себепті мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін белсенді түрде қолдана отырып, демеушілердің қаражатын тарту мәселесі шешімнің тиімді жолдарының бірі деп есептейміз», - деді Гүлшара Әбдіқалықова Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Бейімделген дене шынықтыру мен спортты дамытуға жәрдемдесу мәселесіне тоқталған ол, бұл тақырып ерекше назар аударуды талап ететінін жеткізді. Атап айтқанда, оқушылар сарайы мен үйлерінің, спорт мектептерінің базасында бейімделген спорт секцияларын ашып, арнайы мамандар даярлау қажет.

«Жылдар бойы дене шынықтыру мен спорт саласы қалдық принципі бойынша қаржыландырылып келгені белгілі. Талдау көрсетіп отырғандай, жергілікті жерлерде қаражатты жоспарлаған кезде үйлесімсіздік байқалады. Мысалы, футболды қаржыландыруға жергілікті бюджеттен спорттың барлық түріне бөлінген қаржаттан үштен бір бөлігі жұмсалады. Ал кейбір өңірлерде тіпті бюджеттің жартысы осы бағытта жұмсалатын көрінеді. Сондықтан спорттың басым бағыттары бойынша қаржыландыру лимитін заңнамалық деңгейде қарастыру қажет», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар